АҚШ президенті Джо Байден Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты жексенбі, 20 ақпанда ұлттық қауіпсіздік кеңес отырысын шақырады, деп жазады Азаттық.
АҚ үй ақпаратына қарағанда, АҚШ вице-президенті Камала Харрис Мюнхен конференциясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергпен, өзге де мемлекет басшыларымен кездескені жайлы президент Байденге хабар берген.
Зеленскиймен кездесуде Харрис Украина төңірегіндегі жағдайды бейбіт жолмен реттеуді, Украинаға шабуыл жасай қалса, Мәскеуге санкция салуды қолдайтынын мәлімдеген.
Бұған дейін Байден өзіндегі мәліметке сүйене отырып, Ресей президенті Владимир Путин Украинаға соғыс бастау жөнінде шешім қабылдап қойғанын айтқан болатын. АҚШ президентінің сөзінше, Ресей Украина астанасы Киевке де шабуыл жасауы мүмкін.
Мәскеу мұндай айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Бір күн бұрын, 19 ақпанда "Үлкен жетілік" елдерінің сыртқы істер министрлері Ресейді Украина шекарасынан әскерін әкетуге, халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырған.
"Ресейдің Украина түбіндегі әскери белсенділікті азайтқаны жөніндегі хабарын шын мәнінде жүзеге асырады деп күтеміз. Әзірге азайғанын көрмей отырмыз", – дейді үндеуде (цитата "Америка дауысынан" алынды").
Үндеуге Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ сыртқы істер министрлері мен Еуропа одағы сыртқы саяси істер ведомстволарының өкілдері қол қойған.
15 ақпанда Ресей қорғаныс министрлігі Батыс және Оңтүстік әскери округтердің бөлімдері Украина түбіндегі жаттығудан кейін тұрақты орнына қайта бастайтынын хабарлаған. НАТО мен Украина әзірге Ресей әскерінің шекарадан әкетілгенін көрмегенін айтады. АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Украинаға соғыс ашу қаупі әлі де өте жоғары деп санайды.