10 қыркүйек күні интернетте Украина қарулы күштеріне тұтқынға түскен өзбек азаматтары туралы видео тарады. Видеоның қашан түсірілгені әзірге белгісіз, деп жазады Азаттық.
Тұтқынға түскендердің бірі – Өзбекстандағы Самарқанд облысының 22 жастағы тумасы Мухриддин Соли углы Ахмедов. Видеода ол Мәскеуде оқып жүргенін, ақша табу үшін жеке әскери құрылымға (ЧВК) барғанын айтады.
Видеодағы өзге бір өзбек азаматы Мәскеудегі құрылыста құжатсыз жұмыс істегенін, сол жерден оны Украинаға жібергенін айтады.
Осы айдың басында Украина қарулы күштері Ресей бақылауындағы жерлерін қайтарып алу жөнінде қарымта шабуыл бастаған. Шабуыл кезінде Ресей жағынан көптеген сарбаздың тұтқынға түскені хабарланды.
Тамыздың басында Ресейдің Перьм аймағында жүрген өзбектер ұйымының жетекшісі Жахонгир Жалолов сондағы өзбек азаматтарын "Ресейде жеп жүрген нанын ақтау үшін" Темірлан атындағы батальонды құрып, Украинадағы соғысқа аттануға шақырған.
Осыдан кейін Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігі өз азаматтарына ескерту жасап, өзге елдің аумағындағы соғысқа қатысу қылмыс екенін атап өтті.
Ресейде жергілікті биліктер Украинадағы соғысқа жіберу үшін еріктілер батальонын құрып жатыр. Пермь осындай батальондар құрылған алғашқы облыстардың бірі атанды.
Маусымның басында Украинадағы соғысқа Ресей сапында қатысқан екі қырғыз азаматының қаза тапқаны белгілі болды.
Содан бір ай бұрын Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Украинадағы соғысқа аттанған азаматының үстінен қылмыстық іс қозғаған.
Украинаға басып кірген Ресей соғысты соғыс деп атаудан бас тартып, оны "арнайы әскери операция" деп көрсетіп отыр. Блицкриг ретінде жоспарланған "арнайы операциясы" бірнеше айға ұласып, тірі күш тапшылығына тап болған Ресей жаппай мобилизациядан тартынып, аймақтағы тұрмысы төмен елдімекендердің тұрғындары, еңбек мигранттарын жалақымен қызықтырып, соғысқа аттандырып жатыр. Бұл шараға сотталған адамдардың да тартылып жатқаны айтылады.