Киевке жасалған зымырандық шабуылдан кем дегенде 8 адам қаза тапты. Құрбандар мен зардап шеккендер саны сәт сайын көбейіп жатыр. Украина астанасына жасалған шабуылдан тағы 24 адам жарақат алған. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Ростислав Смирновтың мәліметінше, құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
«Сағат 08:45-тегі жағдай бойынша Шевченко ауданында атқылау салдарынан 8 адам қаза тауып, 24 адам жараланды, алты көлік өртеніп, 15-тен астам көлік зақымданды. Жарылыстардың салдарымен күресуге 30 адам мен 6 техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Зеленский Украинаға жаппай зымыранмен жасалған шабуылға қатысты пікір білдіріп, халықты далаға шықпауға шақырды.
«Олар осымен 229-шы күн бізді жер бетінен жоюға тырысуда. Запорожьеде үйінде ұйықтап жатқан халқымызды жоймақ. Днепр және Киевтегі адамдарды өлтіруге тырысып жатыр», - деді Украина президенті.
Зеленский Украинаның барлық аумағында әуе шабуылдары бәсеңдемейтінін айтты.
«Зымыран атылды. Өкінішке қарай, қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Сіздерден өтінемін: баспанадан шықпаңыздар. Өздеріңізге және отбасыыңызға қамқорлық жасаңыздар. Ұстамды және мықты болыңыздар», - деді ол.
Еске салайық, 8 қазанда «Қырым көпірінде» жарылыс болып, көмірдің бір бөлігі қирап қалған болатын. Украина тарапы мұны Владимир Путиннің туған күніне жасалған «сыйлық» десе, Путиннің өзі кеше бұл оқиғаны теракт деп бағалады және міндетті түрде қайтарымы болатынын ескертті.