14.11.2022, 18:00

Израиль Ресейдің әскери базасына шабуыл жасады

фото twitter.com/baladinetwork
Әскери дереккөздер шабуылға ұшыраған әуе базасын жақында ирандық әскерилер пайдаланғанын алға тартады.

Израиль мемлекеті Иран мен Ресей әскерилері пайдаланған Сирияның ірі Шайрат әуе базасына зымырандық шабуыл жасады, деп хабарлайды Оrda.kz.

Сирияның SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, аэродромға жасалған соққының салдарынан екі сарбаз қаза тауып, үшеуі жараланған. Әскери дереккөздер шабуылға ұшыраған әуе базасын жақында ирандық әскерилер пайдаланғанын алға тартады.

Жария мәлімдеме жасауға рұқсаты жоқ бір әскери агенттіктің айтуынша, соққы Хомс қаласының оңтүстік-шығысындағы әуе базасындағы әуе алаңын нысанаға алған.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Сирияда әскери қатысуын ұстап отырған Ресей Шайрат авиабазасы маңында әскерін орналастырып, осы нысанды пайдаланады.

Сирияның адам құқықтары орталығы (SOHR) Израиль әскери ұшақтарынан нысанаға қарай төрт зымыран ұшырылғанын жазды.

Сириядағы ресейлік базалар

Әскери-теңіз күштері үшін Мәскеу Тартустағы әскери-теңіз базасын, әуе күштерін орналастыру үшін Латакия елді мекенінің жанындағы Хмеймим аэродромын пайдаланады. Бұған қоса, Ресей Хомс провинциясындағы Шайрат, Пальмирадағы Тиас аэродромдарын пайдаланады. Сондай-ақ Эль-Камишли аэродромында база орналастырды.

Сириядағы Шайрат әуе базасына шабуыл

2018 жылы Хомстағы сириялық Шайрат әуе базасы зымыран атқылаған болатын. Содан кейін Пентагон АҚШ-тың бұл аймақта әскери операциялар жүргізбейтіні туралы мәлімдеме жасады.

Сирия әскерилері Ливаннан соғыс ұшақтары Сирияның әуе кеңістігіне кірген кезде зымырандық шабуылдың артында Израиль тұрғанын мәлімдеді. Израиль әскері Сириядағы соққылар туралы ешқандай ақпарат жоқ деп жауап берді.

2017 жылы Шайрат аэродромы американдық зымырандық соққыдан толығымен дерлік жойылды. АҚШ Хан-Шейхундағы химиялық шабуылға жауап ретінде әскери базаға 50 шақты қанатты зымыранды атқылаған.