Түркия БАҚ-тарында Ыстамбұлда бомба жарды деген күдікпен ұсталған әйелдің видеосы жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Терроризмге қарсы бөлім бригадалары шабуылға кінәлі деп танылған әйелді ұстады. Күдікті ұсталған сәттің кадрлары пайда болды. Айта кететін жайт, бұған дейін түрік полициясы 22 күдіктіні ұстаған болатын, оның ішінде бомба қойған әйел де бар.
Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мәлімдеді.
“Біз шабуыл туралы нұсқау Кобаниден келген деп бағаладық. Бомбаны көшенің ортасына қойып кеткен адам ұсталды. Бұған дейін тағы 21 адам ұсталған болатын", - деді ішкі істер министрі.
Сонымен қатар, Сойлу Ыстамбұлдағы жарылысты ұйымдастырушылар мен кінәлілерге қатаң жауап берілетінін айтты.
"Қылмыскер Африн арқылы өткен. Қазір мұның бәрі анықталып жатыр. Түркияға зиянын тигізген бұл шабуылды ұйымдастырушыларға да, жасағандарға да қатаң жауап беріледі", - деді министр.
Жарылыс Ыстамбұлдың орталығында, Бейоглу ауданындағы адам көп жүретін Истикляль көшесінде болған. Түрік ақпарат құралдарының мәліметінше, жарылыс алты адамның өмірін қиып, 81 адам жарақат алған.
Күдіктінің Сирия азаматшасы А.А. (23) екені белгілі болған.