14.12.2022, 17:20

АҚШ-та бір жынысты некеге заң жүзінде рұқсат берілді

Фото: Twitter
Құжат АҚШ-тың кез келген штатын басқа штаттарда тіркелген біржынысты некені мойындауға міндеттейді.

АҚШ президенті Джо Байден ел тұрғындарының бір жынысты және ұлтаралық некеге тұру құқығын қорғауға қатысты "Некені құрметтеу туралы акт" атты заңға қол қойды, деп хабарлайды Massaget.kz DW-ға сілтеме беріп. 

Басылым мәліметінше, қол қою рәсімі вице-президент Камала Харристің, Сенат пен Өкілдер палатасының демократиялық көшбасшыларының, бірінші ханым Джилл Байденнің және ЛГБТ қозғалысы өкілдерінің қатысуымен өткен.

"Осы уақытқа дейінгі жол ұзақ болды, бірақ теңдік пен әділетке сенетіндер ешқашан берілмеді. Сіздердің көпшілігіңіз мен қол қоятын заң үшін күресіп, қарым-қатынастарыңызға, жұмыстарыңызға, өмірлеріңізге қауіп төндірдіңіздер. Мен өз атымнан және бүкіл ұлттың атынан рақмет айтамын", - деді Байден ЛГБТ қозғалысының өкілдеріне сөйлеген сөзінде.

Құжат АҚШ-тың кез келген штатын басқа штаттарда тіркелген біржынысты некені мойындауға міндеттейді, тіпті бұл штаттың өзі мұндай некені мойындамаса да қабылдауы қажет. Авторлардың ойынша, бұл жаңалық 1996 жылы қабылданған "Некені қорғау актісі" туралы федералды заңды алмастыруы керек. Онда неке "еркек пен әйел арасындағы одақ" ретінде сипатталады.

Айта кетейік, 2015 жылы АҚШ Жоғарғы соты бүкіл ел бойынша біржынысты некені заңдастырды.

Тегтер: АҚШ ЛГБТ заң