Коронавирус пандемиясы басталған уақытта елге кіруге шектеу қойған Қытай халық республикасы шетелдік туристер үшін шекарасын ашты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВВС агенттігінің жазуынша, бұдан былай Қытайға келген туристер карантинге жіберілмейді, бірақ әлі де коронавирустан ПТР-тест тапсырады. Оның уақыты сапарға шыққанға дейін 48 сағаттан аспауы керек.
«8 қаңтарда Қытай билігі шетелдіктер үшін уақытша тұруға жарамды виза бере бастады», - деп хабарлады агенттік.
Жексенбіден бастап Қытай Халық Республикасының материктегі бөлігі мен Гонконг арасындағы теңіз және жаяу жолаушылар тасымалы қалпына келді. Мұндай сапарға шығу үшін де турист уақыты екі күннен аспаған ПТР-тест нәтижесін көрсетуі керек.
Билік әзірге Қытай мен Гонконг арасында күн сайын қатынайтын адамдардың санына шектеу қойып отыр. Өйткені, 22 қаңтарда Қытайда Жаңа жыл тойланады. Мерекені қазірден бастап тойлап кеткен Қытайдан Гонконгтағы жақындарын құттықтау үшін 400 мыңнан астам адам барады деген болжам бар.