Еурокомиссия өз қызметкерлеріне корпоративтік телефон мен гаджеттерден, сондай-ақ жұмыс бағдарламалары орнатылған жеке құрылғылардан қытайлық TikTok әлеуметтік желісін өшіріп тастауды бұйырды. Мұндай шешім Еурокомиссияның киберқауіпсіздік ережелерін қабылдауымен байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.
Еуропа одағының атқарушы билігінің ведомство қызметкерлері мен шенеуніктеріне жұмыс құрылғыларынан TikTok-ты өшіріп тастауға 15 наурызға дейін уақыт берілді. Ішкі нарық мәселелері жөніндегі еурокомиссар Тьерри Бретон: «Еурокомиссия әріптестеріміздің және бізбен серіктестік орнатқандардың барлығының киберқауіпсіздігіне алаңдайды. Шешім киберқауіпсіздік мақсатында қабылданып отыр», - деп атап өтті. Ал еуропалық БАҚ таратып жатқан TikTok өкілінің мәлімдемесінде компания мұндай шешімге өкініш білдіретіні және ол «қате әрі теріс пікірге негізделген» деп жазылған. Кейінгі айларда TikTok Батыстың жіті назарына ілікті. Олар қытай билігі TikTok қолданушыларының жеке деректерін пайдалана алады деп қауіптенеді.
АҚШ-та бағдарламаны федералды үкімет құрылғыларында пайдалануға тыйым салынған. Ал кей америкалық заң шығарушылар елде TikTok жұмысын толық тоқтатуға тырысып жатыр.