АҚШ-тың федерациялық зерттеулер бюросының (ФБР) директоры Кристофер Рэй Fox News телеарнасына берген сұхбатында COVID-19 "Қытай зертханасынан тараған деген болжамға көбірек жақын" келетінін жеткізді.
Апта басында АҚШ-тың энергетика министрлігі де коронавирус Қытай зертханасынан шықты деген қорытынды жасаған.
The Wall Street Journal басылымы бұл екі мекеменің ұстанымы дәл келуіне қарамастан, олар мұндай гипотезаға түрлі себеппен келгенін түсіндірді.
Кристофер Рэй Қытай үкіметі пандемия себептерін зерттеу бойынша АҚШ-тың әрекеттерін тоқтатуға ұмтылғанын айтты.
Осыған дейін вирустың пайда болуын ДДСҰ да зерттеген. Бірақ Қытайдан мәлімет жинау қиын болған соң, бұл іс тоқтаған.
Коронавирус індеті бірінші рет 2019 жылдың аяғында Қытайдың Ухань қаласында анықталған. 2020 жылғы 11 наурызда ДДСҰ оны пандемия деп жариялады.
Бүгінге дейін COVID-19 вирусымен 700 млн-ға жуық адам ауырып, көз жұмғандар саны 7 миллионға жетті.
azattyq.org