$ 442.05  474.14  4.74

«Дәретханада ұрып-соққан»: Астанада мектеп терезесінен секірген оқушының анасы шындығын айтты

Бала қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Ал туыстары баланы басқа оқушылар бопсалаған деп есептейді.

Фото: видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Астанада мектептің төртінші қабатынан секірген оқушының мұндай қадамға баруына не себеп болғанын полиция анықтап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ktk.kz арнасына сілтеме жасап.

Бала қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Ал туыстары баланы басқа оқушылар бопсалаған деп есептейді.

8 сынып оқушысы Бекболат Сайлау кеше түсте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қолы, екі аяғы сынған, беліне зақым келген. Дәрігерлер ота жасап, бала бүгін ғана есін жиды.

Арслан Дүйсенбаев, №2 көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі: — Оң аяғы, оң қолына ота жасадық. Бүгін таңертең жалпы палатаға ауыстырылды. Бала есін жиған соң ғана мән жайды ата-анасы бүгін біліп отыр.

Ләззат Рахмаш, анасы: — Ердәулет деген бала, Аружан екеуі «мені боспасалаған» деді. «Оны әзірге айтпаймын» деді. Ал Ердәулет, Димаш, Әділет деген сыныбындағы бала мені дәретханада ұрып, «қоңырау болғанша сені өлтіреміз, полицияға береміз, әзір көресің, сабақтан шыққанда өлтіреміз» деп айтты дейді. Содан ашуланып кеттім де, қоңырау шалынды, ағылшын пәнінің мұғалімі кірді, сабақ бітейін дегенше, терезеге қарап отырдым, сабақ біткеннен кейін «өліп алайыншы, мыналар мені өлтіреді, полицияға беретін болды деп» секіріп кеттім» деді.

Туыстары бала буллингтің құрбаны болды деп санайды. «Осы мектепке ауысқалы қысымнан көз ашпай келеді, бірнеше рет үйге беті көгеріп келді» - дейді жақындары.

Мектеп басшылығы да осы оқиғадан кейін абдырап отыр.

Бекболатты тыныш, сабырлы бала деп мінездеме берген директор «одан мұндайды күтпедік» дейді.

Айман Дүйсенова, №72 мектеп-лицей директоры: — Ешкім байқамай қалды. Балалар тапсырма орындап отырған, мұғалім кітап қарап отырған. Бәрі тез болған. Мұғалім санаулы секундта басымды көтергенде, баланың терезеде ілініп тұрып, құлағанын көрдім деп отыр. Шошынып қалған оқушылар мен мұғаліммен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Ал директоры білім ордасында «буллинг болған жоқ» деп азар да безер. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр. Іс ішкі істер министрлігінің бақылауында.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары: — Оқиғаны сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркедік. Тергеу басталды, соның нәтижесі бойынша қорытынды шығара аламыз. Оқиғаның себебін дәл қазір нақты айта алмаймын. Бір өлімнен аман қалған оқушы енді ұзақ емделуі керек. Ақ халаттылар таяу арада оның екінші аяғына ота жасауды жоспарлап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары