$ 443.35  475.54  4.82

Сот шоу емес: Алқабилер соты Бишімбаевты ақтап шыға ала ма?

2007-2017 жылдар аралығында алқабилер 10 жылда 77 тұлғаны судья үкімінен арашалап қалған.

Фото: Сот баспасөз қызметі
Фото: Сот баспасөз қызметі

Ертең, 27 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабиге кандидаттарды іріктеу үшін жабық сот отырысы өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жоғарғы соттың мәлімдеуінше алқабилер алқасы 12 адамнан (10 негізгі, 2 қосалқы) қалыптастырылады.

Іріктеу алқабилердің жеке басын жария ету мүмкіндігін болдырмау үшін жабық сот отырысында өтеді. 27 наурызға белгіленген негізгі сот отырысына бір тізім бойынша 300 алқабиге кандидат шақырылады.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікпен қамауда. Халық арасында үлкен резонанс тудырған оқиға былтыр 8 қарашада Астанадағы "Бау" ресторанында болған.  11 қарашада Бишімбаев бұл қазаға күдікті ретінде қамалған еді. Экс-министр Қылмыстық кодекстің "Қинау" және "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабы бойынша айыпталған. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауды" тапсырған еді.

Бұл іс бойынша 11 наурызда соттың алдын ала тыңдауы өтті. Алғашқы отырыста Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Алдын ала тыңдауда судья Айжан Құлбаева: «ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 320, 321-баптарын басшылыққа ала отырып, сот қаулы етті: сотталушылардың қорғаушылары Бишімбаев пен Байжановтың өтініштерін қанағаттандырудан бас тарту; прокурорды айыптау актісінің көшірмесін сотталушының қорғаушыларына тапсыруға міндеттеу. Айыпталушы Бишімбаев пен Байжановқа қатысты ашық сот отырысы алқабилердің қатысуымен 2024 жылғы 27 наурызда сағат 10.00-де Астана қаласы, Кенесары көшесі 3 мекенжайындағы сот ғимаратында аудио және бейнетіркеу құралдарын қолдана отырып өтеді. Сот орыс тілінде жүргізіледі», - деді.

Істі қарап жатқан судья Бишімбаевтың істі алқабилер соты қараса деген өтінішін ғана қанағаттандырды. Бұдан бөлек, судья айыпталушы адвокаттарының мына талаптарын орындаудан бас тартты:

Кейбір дәлелдерді істен алып тастау,

Қайта комиссиялық экспертиза мен криминалистикалық зерттеу жүргізу,

Тергеу экспериментін жүргізу,

Банктерден Бишімбаев пен Нүкенованың есепшоттарын сұрату,

Нүкенованың әкесінің психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын тексеру.

Бұған қоса, сот іс сотқа түскен уақыттан бастап Бишімбаевтың қамаудағы уақытын алты айға созды.

Ведомство медиада "Бишімбаевтың қылмыстық ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу нәтижесіне күмән келтіретін ақпараттар тарап жатқанын, бұл ақпараттар сотқа қарсы әрекет деп бағалануы мүмкін екенін" ескертті.

Осы ретте Skifnews.kz ақпарат порталы алқабилер сотының бүгінге дейінгі жұмысына шолу жасады.

"Алқабилер туралы" заң 2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданды, бірақ іс жүзінде Алқабилер соты институты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады.

2020 жылы алқабилер соттарында 42 қылмыстық іс қаралса, 2023 жылы олардың саны 136 іске дейін өскен. Сот Назгүл Рахметуллина 2024 жылы алқабилер қарайтын істер саны 950-ге артады деп болжайды.

Алғашқы алқаби соты

Алқабилердің қатысуымен өткен ең алғашқы сот процесі 2007 жылдың 12 ақпанында өтті. Петропавл қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында 1996 жылы үш адамды өлтірді деп айыпталған ер адамның ісі қаралды. Сол сот отырысына судьядан басқа, 11 алқаби сайланған еді. Оның ішінде тоғыз адам тұрақты алқаби, ал екеуі компьютер таңдаған тұлғалар болды. Бір қызығы, сол сот отырысында компьютер тағы екі алқа бидің бірі ретінде – Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде от жағатын Сатыбалды Нұрышевті таңдаған болатын.

Астанада алқабилер сотын жетілдіруге арналған халықаралық конференцияға қатысушылар Қазақстандағы алқабилер сотының тарихын осылай еске алды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 10-департаменті бастығының орынбасары Арман Аяғанованың айтуынша, 2007-2017 жылдар аралығында алқабилер 10 жылда 77 тұлғаны судья үкімінен арашалап қалған.

Ал Жоғарғы соттың мәліметіне сүйенсек, 2010-2014 жылдар аралығында қылмыстық істерді қарайтын арнайы соттар алқабилердің қатысуымен 1,5 мың адамға қатысты 1133 қылмыстық іс қаралған екен. Жалпы, 2013 жылға дейін Қазақстанда алқабилердің қатысуымен өтетін сот отырыстарының саны жыл санап көбейе берген. Тек, осы 2013 жылы процестік заңға өзгерістер енгізіліп, алқабилер сотына сотты болатын қылмыстық істер қысқартылғаннан кейін, алқабилер қатысатын сот істерінің саны бірден 35,4%-ға кеміген.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қатыса алатын қылмыстардың саны қайта қаралып, 13-тен 45-ке дейін өсті. ⁣

Қазақстандағы алқаби сотының 3 кемшілігі

Құқық докторы, Уилфрод Лурье атындағы университеті криминология кафедрасының профессоры Николай Ковалев Қазақстандағы алқабилердің қатысуымен өтетін сот өндірістерінің негізгі үш кем тұсы бар дейді. Оның айтуынша, 2010 жылы ЕҚЫҰ Қазақстан судьяларының арасында "Алқабилердің қатысуымен өтетін істердің қазіргі тәртібі алқабилердің тәуелсіз шешімін қамтамасыз ете ала ма?" деген сұрақпен сауалнама жүргізген болатын. Сонда, сауалнамаға қатысқан судьялардың 38-і (42,7%) "ия" десе, 26 судья (29,2%) "жоқ" деп жауап берген. 25 судья (28,1%) бейтарап қалған. Сондай-ақ, осы сауалнама судьялардың көбі аралас сотты емес, алқабилер сотын таңдаған екен.

"Мен бүгінгі таңда алқабилердің қатысуымен өтетін сот істерінің негізгі үш кемшілігін атағым келеді. Біріншісі – ақылдасу бөлмесінде алқабилер сотына әлі де заңсыз қысым көрсетіліп келеді. Судья тарапынан байқалған қысым сол судьяның өзінің ғана емес, бүкіл сот билігінің беделіне нұқсан келтіреді. Екінші кемшілік бірінші кемшілікпен байланысты – алқабилер ақтау үкімін шығарып қояды деп, заңсыз түрде сот процесі барысында алқабилерді тарату практикасы белең алып жүр. Үшінші кемшілік – судьялар алқабилердің қатысуымен өткен істе өзі ақтау үкімін шығарса, оны даулай алмау тәжірибесі", – дейді Николай Ковалев.

Сот тарихында алқабилердің де қоғамға түсініксіз шешім қабылдайтын сәттері болған. Яғни, алқабилердің ақтау үкімі үнемі заңды бола бермеуі мүмкін. Мысалы, 2016 жылдың наурызында Алматы қаласында алқабилер соты "Кәмелет жасына толмаған тұлғаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық әрекеті" бабымен айыпталған ер адамды ақтап шыққан болатын. Өзінің туған ұлына қатысты зорлық көрсетті деп айыпталған 58 жастағы адамның ісін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған болатын.

Сот судьясынан басқа, қылмыстық іске 11 адамнан құралған алқабилер соты да төрелік еткен еді. Баланың анасы 2015 жылдың қазанында 4 жастағы ұлына күйеуі сексуалды сипаттағы зорлық жасағанын айтып, арыз түсірген. Сот отырысын қараған алқабилер сараптамада кінәсі дәлелденген ер адамға ақтау үкімін шығарған соң, әлеумет дүр сілкінген болатын. Ұлдың анасы апелляцияға бергеннен кейін, Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы алқабилердің шешімін жоққа шығарып, ер адамды қамауға алу туралы үкім кескен еді.

Алқаби кандидаттарына қойылатын талаптар

"Алқабилер туралы" заңға жүгінсек, алқаби боламын деген кандидаттарды шыққан тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты шектеуге болмайды. Алқаби – соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған ҚР азаматы.

Елімізде жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген мерзімі бар немесе сотталған, сот ісіне қабілетсіз немесе қабілеті шектеулі азаматтар алқаби бола алмайды. Сонымен қатар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi; наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар алқабилер тізіміне қосыла алмайды.

Сот шоу емес

Бишімбаевтың ісін әрі мемлекет, әрі қоғам жіті қадағалап отыр. Осы ретте алқабилер соты үкім шығарарда қоғамдық пікірдің ықпалынан шыға алмай қалмай ма? деген сауалға еліміздің жетекші заңгерлерінің Ulysmedia.kz сайтына берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз. 

Адвокат Джохар Өтебековтің ойынша, Салтанат Нүкенованы күйеуінің өлтіруіне қатысты істің қоғамда резонанс тудыруы сот төрелігін объективті жүзеге асыруға кедергі емес.

– Әр адам өз ар-ұятына қарай шешім шығарады. Процеске қатысатын судья, адвокат және прокурор да өз тараптарынан БАҚ-та жарияланған материалдардың қаралып отырған іске қандай да бір әсер етпеуін ескертеді.

Алқабилердің шешім шығаруына судьялардың процесс бойы тек айыптаушылық көзқараста болуы мен сот жүйесіне дендеп енген коррупция да кері әсер етеді. Дамыған елдерде алқабилер сотының әрбір шешімі кәсіби судьялардың жұмысына бәсекелестік мәнде қабылданады, яғни екі соттың бір-бірімен бәсекелесуі есебінде болады. Осы себептерге байланысты қазылар алқасы судьяның ықпалынсыз өз шешімін қабылдауы керек. Алқабилер алқасымен кеңесу бөлмесінде судьяның болуын және судьяның алқабилермен бірге дауыс беруін заңнамалық тұрғыдан алып тастау қажет. Сонда алқабилер соты шешімінің объективтілігіне күмән әлдеқайда аз болады.

 

Заңгер Сергей Злотников әріптесінің сөзімен тек ішінара ғана келіседі.

    - Ең дұрысы, сот қоғамдық пікірге тәуелді болмауы керек», - деді ол.

– Сот шоу емес, соттың, оның ішінде алқабилердің шешімі фактілерге, аргументтерге негізделуі керек. Мысалы, тараптардың неліктен сотқа дейін сараптама нәтижелерін жариялап, қылмыстық іс материалдарының жекелеген эпизодтары бойынша түсініктеме беретінін түсінбеймін. Кейбір жайттар белгілі бір мақсаттар үшін арнайы айтылатын сияқты. Мәселен, айыпталушының адвокаты ретінде әйел адамның таңдалуы, менің ойымша, кездейсоқтық емес. Айыпталушы тарап осы арқылы қоғам жанашырлығы бар деген пікір қалыптастырғысы келуі мүмкін. Бірақ алқабилер екі жақтың да сотқа ұсынған фактілерін ғана басшылыққа алып, сот процесінде дербес шешім қабылдайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары