Жаңадан босанған аналарға арналған кеңестер мен пікірлер қоғамда жиі талқыланатын тақырып.
«Ана болу бір бақыт!» дегенімізбен, елдегі ресми деректер мен жақында ғана Ақтөбеде болған жағдай, дәлірек айтсақ, босанғаннан кейінгі депрессиядан ананың өз баласын өлтіруі қоғамды алаңдатып қойды. Бұдан бөлек жалпы Қазақстанда босануға қатысты мәселелер жыл сайын қоғам талқысына түсіп келеді. Медициналық көмек көрсету деңгейі, перзентханалардағы жағдай, ана мен бала қауіпсіздігі – осының барлығы жүкті әйелдер үшін маңызды фактор. Алайда көптеген ана медициналық мекемелерде кездесетін қиындықтар жайлы айтып жүр.
Сонымен қатар сәбилердің өлімі туралы ресми деректер қоғамда резонанс тудырып отыр. Себебі жағымсыз тенденция орын алып отыр. Соңғы жылдары сәбилердің өлім-жітім көрсеткішінің азаюы байқалғанымен, бұл жағдайды әлі де бақылау керек. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанда 2 998 сәби шетінеп кеткені туралы мәліметтер көңіл көншітпейді. Ал 2024 жылы ерлі-зайыптылар перзентханадан 2500 сәбидің мүрдесін алып шыққан. Әрбір сәби өлімі, әсіресе аймақтардағы көрсеткіштердің артуы қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне қосымша назар аудару қажет екенін көрсетеді.
Бұған қатысты Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев күні кеше Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында:
– Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Сорақысы сол, ресми дерекке сүйенсек, 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары, – деген еді.
Жаңадан босанған аналарға арналған кеңестер мен пікірлер қоғамда жиі талқыланатын тақырып. Мұндай кезеңде әйелдер үшін тек ақыл айтып, кеңес беру жеткіліксіз. Олар қолдау мен түсіністікке мұқтаж. Психолог Шолпан Мықтыбек осы мәселеге терең үңіліп, босанғаннан кейінгі депрессия мен әйелдер психологиясындағы өзгерістерді былай түсіндіреді:
– Кейбір адамдар босанғаннан кейінгі депрессияны жоққа шығарып, оны жай ғана «ойдан шығарылған нәрсе» деп есептейді. Дегенмен нәресте дүниеге келгеннен кейін ананың өзінің бала кездегі қорқыныштары қайта көтеріліп, бейсаналы түрде күйзеліске ұшырауы мүмкін. Нәресте үшін де өмірге келу – үлкен үрей мен қорқыныш. Анасының жатырынан шыққан сәтте ол өзін қауіпсіз ортадан сыртқы, беймәлім әлемге тап болғандай сезінеді. Бұл қорқыныштың белгілі бір бөлігін анасы бейсаналы түрде өзіне қабылдайды. Яғни, бала өз уайымын анасына бөліседі, – дейді психолог Шолпан Мықтыбек.
Оның сөзінше, біріншіден, босанғаннан кейінгі депрессия – әйелдің психоэмоционалдық жағдайында маңызды өзгерістер туғызатын күрделі кезең. Босанғаннан кейінгі депрессия физиологиялық және психологиялық себептерге байланысты болуы мүмкін. Анасы мен баласы арасындағы тығыз байланыс, әсіресе баланың өмірге келу сәтінен бастап басталады. Психологтың түсіндіруінше, нәресте анасының жатырынан шыққанда, ол беймәлім әлемге тап болып, қорқыныш сезімін бастан кешіреді. Бұл қорқыныш, бейсаналы түрде болса да, анасына беріледі әрі әйел бұл күйзелісті өзіне қабылдайды. Бұл процесс екі жаққа да әсер етеді, өйткені ана мен бала бір-бірінің эмоциясын сезінеді.
Сонымен қатар психолог анасы бола отырып, әйел өзінің жаңа рөлін қабылдайды, балаға қамқорлық көрсету міндеті оны алаңдататынын айтады.
– Аналар балаларының жылауын ажырата алады: бір ғана жылаудан оның қарны ашқанын, жөргегін ауыстыру керегін немесе мазасызданып тұрғанын түсінеді. Осылайша, баланың уайымы анасына беріледі, ал анасы оны бейсаналы түрде сезініп, жауап беруге тырысады. Әйел босанғаннан кейін баласына қалай қамқорлық жасаймын, оны қалай дұрыс тәрбиелеймін деп алаңдайды. Бұл алаңдаушылыққа баланың өзіндегі үрей қосылып, анада босанғаннан кейінгі депрессия пайда болуы мүмкін.
Бұл кезең, әдетте, шамамен 1,5 жасқа дейін созылады, өйткені дәл осы уақытта ана мен бала арасындағы ең тығыз байланыс сақталады. Егер 1,5 жастан кейін де депрессия басылмаса, бұл әйелдің физикалық және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ұзаққа созылған күйзеліс психосоматикалық ауруларға әкелуі ықтимал. Мұндай жағдайда маман көмегіне жүгінген дұрыс. Психологпен ұзақ мерзімді терапия жүргізу міндетті емес, шамамен 3–6 ай ішінде, аптасына бір рет терапия алудың өзі әйелдің жағдайын реттеуге көмектеседі. Тіпті 2–3 ай тұрақты терапия алу арқылы да күйзелістен арылып, эмоционалдық тепе-теңдікті қалпына келтіруге болады. Сондықтан, өз жағдайын жақсарту үшін әйелдерге кәсіби маманның көмегіне жүгінген жөн», – дейді маман.
Сонымен қатар психолог әйелдер үшін, әсіресе жаңа ана болғандар үшін, қоршаған адамдардың кеңестерінің орнына, дұрыс қолдау мен түсіністік қажет екеніне жиі тоқталады. Себебі қоғамда, әсіресе үлкендер тарапынан көп ақыл-кеңес беріледі, бірақ бұл әйелдерге кемшіліктері бар екенін сезіндіруі мүмкін.. Бұл психологиялық ауыртпалық тек босанғаннан кейінгі депрессияны тереңдете түседі.
– Жас аналар, әсіресе келіндер, босанғаннан кейін көптеген кеңестер мен ақыл-кеңестердің астында қалады. Бірақ шын мәнінде, кез келген адамға ақыл емес, қолдау қажет. Әйел қандай болса, сол қалпында қабылдануы керек. Жаңадан босанған аналарға ақыл айтылған кезде, олар өзін дұрыс емес адам сияқты сезіне бастайды: “Мен дұрыс емеспін.”, “Мен кемшілігі бар анамын.”, “Мен мінсіз келін емеспін.”, “Мен отбасымның үмітін ақтамадым.” Осылайша, әйелдің өзін кінәлі сезінуі артады. Ол өз әрекеттеріне күмәндана бастайды, өзін жеткіліксіз сезініп, психологиялық тұрғыдан ауыр күйге түседі. Мұның барлығы босанғаннан кейінгі депрессияны тереңдетеді.
Ұзын сөздің қысқасы: жаңадан босанған анаға ақыл емес, көмек керек. Тіпті үшінші немесе төртінші баласын босанған әйелге де ақыл айтудың қажеті жоқ. Үлкендер кейде “Мен көмектесіп жатырмын” деп ойлап, ақыл айтып жатады. Бірақ шын мәнінде, бұл көмектесудің орнына әйелдің өзін кінәлі сезінуін күшейтеді. Өзін кінәлі сезінген әйел эмоциялық тұрғыдан тұрақсыз болады: Ашуланшақ, ренжігіш келеді. Ішкі күйзелісі күшейеді. Өз эмоциясын әртүрлі жолдармен шығаруға тырысады: кейбірі үнемі айқайлап жүреді, ал кейбірі тіпті өмірден түңіліп кетуі мүмкін. Сондықтан босанған әйелге ең керегі – жылы сөз, қамқорлық және нақты көмек. Оның эмоциясын қабылдап, қолдау көрсеткенде ғана, ол өзін қауіпсіз сезініп, босанғаннан кейінгі кезеңді жеңіл өткереді, – дейді психолог Ш. Мықтыбек.
Білікті маман Шолпан Мықтыбектің айтуынша, бала күтімі мен тәрбиесінде әр әйелдің өзіндік әдісі мен тәсілі болуы мүмкін. Бұл жағдайларды ұғына отырып, аналарға жақсы көмек көрсету үшін нақты қолдау, жылы сөздер мен эмпатия өте маңызды.
«Әйелдер өздерінің эмоциясын шығара алатын ортада ғана психологиялық тұрғыдан сау бола алады. Әрине, емдеудің алғашқы кезеңдерінде психологтың көмегі мен терапияның әсері маңызды рөл атқарады», – дейді ол.
Шынымен, жаңадан босанған әйелдерге қатысты қоғамда қалыптасқан көптеген стереотиппен күресу керек. Әйелдер өздерін қорғауға, ұрпақ тәрбиесіне жауапты болуға және жанұяның үмітін ақтауға тырысады. Бірақ шын мәнінде, ең бастысы – өздерін қабылдай білу және өздеріне көмек көрсету. Олардың күйзелісін жеңілдету, әр анаға тек жақындарының қолдауы мен дұрыс кеңесі ғана емес, сондай-ақ қоғамның түсінігі мен көмегі қажет.
«Біз адам сияқты күтім көрмедік»
Қазір көптеген әйел перзентханалардағы немқұрайдылық, дәрігерлердің дөрекілігі, медициналық қызметтің сапасы нашар екеніне шағымданады. Бұл әсіресе мемлекеттік перзентханаларға қатысты. Айжан (есімі өзгертіліп берілген – ред.) есімді жас ана өзінің босану барысында қандай қиындықтарға тап болғанын баяндады:
– Дәрігерлер науқастарға жылы қабақ танытпайды, босанған аналарға психологиялық қолдау көрсетілмейді. Тіпті, қарапайым жағдай жасауға да мән бермейді. Бізге адам сияқты күтім көрсетудің орнына, «шыда» деп қысқа қайырады, – дейді ол.
Бұл пікірмен келісетін әйелдер көп. Әлеуметтік желілерде талқыланатын оқиғалар мен шағымдардың саны да күн санап артып жатқанын байқау қиын емес. Көптеген ананың айтуынша, перзентханаларда дөрекі қарым-қатынас «қалыпты» жағдайға айналған.
Қауіпсіздік мәселесі мен дәрігерлердің жауапкершілігі
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші азайып келе жатқанымен, кейбір жағдайлар әлі де алаңдатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүкті әйелдерге медициналық бақылау күшейтілген. Дегенмен, бұл жағдай босанушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп отыр ма?
Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – медицина саласындағы жүйелі проблемаларда. Перзентханаларда орын жетіспеушілігі, білікті мамандардың тапшылығы, заманауи құрал-жабдықтардың аздығы босану процесінің қауіпсіздігіне әсер етеді.
Мемлекет қаржыландыратын көптеген медициналық мекемелердің палатасындағы санитарлық жағдай, қызметкерлердің науқастарға деген қарым-қатынасы үлкен сынға ұшырайтыны – бұрыннан белгілі жайт.
– Мен босанған перзентханада едендер лас, жуынатын бөлме де антисанитарлық жағдайда болды. Осындай ортада жаңа туған нәрестенің денсаулығына кім кепілдік береді? – дейді пікір берген аналардың бірі.
Мәселені қалай шешуге болады?
Қоғам белсенділері мен медицина саласының сарапшылары жүкті әйелдерге деген қарым-қатынасты түбегейлі өзгерту қажеттігін айтады. Олар:
- Медициналық персоналдың біліктілігін арттыру;
- Дәрігерлердің пациенттерге деген көзқарасын жақсарту;
- Перзентханаларда санитарлық жағдайды күшейту;
- Жүкті әйелдерге психологиялық қолдау көрсетуді жолға қою секілді шараларды ұсынады.
Одан өзге депутат Нартай Аралбайұлы айтқандай, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да – қоғамдағы өзекті мәселе. Оның айтуынша, мысалы, бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ.
Медицинадағы бұл түйткілдерді шешу – тек Денсаулық сақтау министрлігінің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Себебі қоғамдық бақылау емес, халықтың талабы болмаса, мемлекеттің алға басуы да ақырып жүреді. Бәрінен бұрын әрбір ана мен бала өз өмірі мен денсаулығы үшін сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет алуға лайықты.