Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат ең алдымен халықтың негізгі мәселелерін шешуге бағытталуға тиіс.
Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы мемлекеттік сатып алу арқылы 17 миллион теңгеге, ал Сырым ауданы әкімдігі 15 миллион теңгеге қызметтік көлік алуға тапсырыс бергені белгілі болды. Бұл жағдай қоғамда көптеген сұрақты тудырып, БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің соңғы кездегі жұмысына қатысты үлкен сын барын байқатып отыр.
Қымбат көлік – қажеттілік пе, әлде сән-салтанат па?
Елдегі экономикалық жағдайды ескерсек, мемлекеттік органдардың қымбат көліктерге тапсырыс беруі қоғам наразылығын тудыратыны анық. Әсіресе, ауылдық жерлерде жол сапасы сын көтермейді, ауызсу мәселесі шешілмеген, инфрақұрылым әлсіз. Осындай жағдайда шенеуніктердің қызметтік көліктерге миллиондап қаржы бөлуі қаншалықты орынды?
Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет ету үшін емес, жайлы өмір сүру үшін жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады. БҚО-дағы аталған екі мемлекеттік мекеменің тапсырысы — «майлы орындықта» отырғандардың бюджет қаржысын қалай жұмсайтынын көрсететін кезекті мысал ғана.
Басымдық қайда?
Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат ең алдымен халықтың негізгі мәселелерін шешуге бағытталуға тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың қаражатты үнемдеп, халықтың игілігіне бағыттау қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Алайда жергілікті шенеуніктер бұл ескертулерді елемейтін сыңайлы.
Қоғамның пікірі ескеріле ме?
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған бұл тапсырыстарға қатысты ашық пікірталас өткізілуі керек. Жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдар қызметтік көліктерге деген қажеттілікті дәлелдей алуңс тиіс. Егер бұл шын мәнінде қажет болса, неге арзан әрі отандық көліктер алынбайды? Әлде мемлекеттік қызметшілер шетелдік брендтерсіз жүре алмай ма?
Мемлекеттік сатып алулардағы мұндай мәселелерді бақылау үшін қоғам белсенділері мен журналистердің рөлі маңызды. Халық өз салығының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін тағы да көрсетіп отыр.
Жалпы, шенеуніктер халықтан бөлініп, өздерін элита сезінуді доғаратын уақыт жетті. Қымбат көліктер емес, халықтың мәселелерін шешу – мемлекеттік қызметтің басты мақсаты болуы керек!