04.01.2017, 04:51

Бекет ата жерасты мешіті Ясауи кесенесінің кебін кимесе болғаны

Жыл сайын тек Қазақстаннан ғана емес өзге де елдерден мыңдаған мұсылман баласы зиярат ету үшін келетін Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешіті күрделі жөндеуден өтетін болды. Бұл туралы Lada.kz порталы хабарлап отыр. Мұндай шешім 2016 жылдың күзінде қабылданған көрінеді.

Жөндеу жүргізу туралы шешімге "Қазреставрация" РМК жүргізген зерттеулерден кейін қол қойылған. Мамандар әулиелі орынды зерттей келе оған апарар жолды жөндеп, мешіттің ішіндегі жарылған қабырғаларды жамау керек деген қорытындыға келіпті.

Зерттеу жұмыстарын "Қазреставрациямен" бірлесе жүргізген Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы директорының орынбасары Марат Өтесіновтің айтуынша, мешіт ішіне ауа райын анықтайтын электронды құрылғылар қойылмақ.

«Мешітке апарар жолдың қауіпті бөліктері бар. Ол жерлерді қар мен жаңбырдың суы шайып кеткен. Текпешектің сатылары мүжілген. Жалпы, 1,5 шақырым жол бөлігі жөндеуді қажет етеді. "Қазреставрация" мамандары мешіт бөлмелерінде қалыпты температура мен ылғалдылықты сақтайтын электронды құрылғыларды қоюға кеңес берді. Сондай-ақ, қабырғалардағы жарықтарды жамап, жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтып отыр. Жалпы, Оғланды жеріндегі зерттеу жұмыстары жыл сайын жүргізілуі тиіс», —  дейді Марат Өтесінов.

Осы ретте айта кету керек, Түркістанның 1500 жылдығы қарсаңында дәл осы "Қазреставрацияның" зерттеуінен кейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Жөндеу жұмыстарын Түркияның компаниялары жүзеге асырды. Салдарынан ғасырлар бойы сақталып келген кесене ғимараты бүлініп, қабырғалары көгеріп кеткен болатын. Тіпті, әйгілі көк күмбездің опырылып құлау қаупі де пайда болған еді. Мамандар сол уақыттан әліге дейін кесене ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Яғни, ғасырлар бойы сыр бермеген нысанның санаулы уақыт ішінде тоз-тозы шықты. Түрік ағайындардың бұл әрекеті "артық қыламын деп тыртық қылудың" кейпі ме, әлде басқа ниеті болды ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір, Түркістанның кейбір қариялары мұны әулиеге әдейі жасалған қастандық дегенді ішінара айтып қалады.Енді дәл осы Ясауи кесенесінің кебін Бекет атаның жерасты мешіті де кимесе екен деген уайым пайда болды. Жүздеген жылдар бойы Маңғыстаудың қатал климатына сыр бермеген керемет нысанға соңғы жылдары не бола қалғаны белгісіз. Бәлкім, расымен де жөндеуді қажет ететін шығар, алайда, бұл жолы мамандар Түркістандағы қателігін қайталап жүрмесе деген тілегіміз бар.

Айта кетейік, Бекет ата мешітіне жыл сайын шамамен 70 мыңнан астам адам келеді. Мешітке апарар жол 2010 жылы жаңадан салынып, пайдалануға берілген. Ал, 2016 жылы National Geographic Бекет атаның жерасты мешітін әлемнің 5 кереметінің біріне жатқызған болатын.

SN-ақпарат