$ 494.87  520.65  4.91

Павлодарда қазақ тіліне қатысты тағы да дау шықты

Павлодар тұрғындары жергілікті кинотеатрлардың мемлекеттік тілге деген көзқарасын түсіне алмай әлек. Өңірде Қазақ хандығының мерейтойына орай түсірілген "Алмас қылыш" фильмі тек орыс тілінде көрсетіліп жатыр деп ашынады көрермендер. Осылайша, кинотеатрлар көрермендерді таңдау құқығынан айырып отыр. Бұл туралы Total.kz порталы жазды.

Орын алған осынау жайттан кейін тұрғындар түрлі мемлекеттік органдарға шағым түсіре бастаған. Журналистердің Мәдениет басқармасына жолдаған сауалына құзырлы ведомство өкілдері: "кинотеатрлар жекеменшіктің қолында, олардың ісіне қол сұға алмаймыз" деп жауап беріпті. Ал, қаладағы ең ірі кинотеатрдың касса қызметкерлері фильмнің тек орысша нұсқасы ғана бар екенін айтып ақталған. Дегенмен, киноны түсірген режиссер Рүстем Әбдірашев Қазақстандағы барлық кинотеатрларға көркем туынды екі тілде жолданғанын айтып, кинотеатр қызметкерлерінің өтірігін әшкереледі.

Осылайша, тілге қатысты жағдай ушығып бара жатқан соң кеше кешке "Алмас қылыш" ақыры қазақ тілінде көрсетілді. 20:55-те басталған сеансты көремін деушілердің қарасы өте көп болды.

«Біз отбасымызбен бірге қазақша киноны көру үшін бір сағат ерте келдік. Соған қарамастан кезегіміз сол күйі жетпеді, яғни билет таусылып кетті. Жалпы, кинотеатр басшыларының әрекеті өте түсініксіз. Бұл фильмді бұған дейін неге қазақ тілінде көрсетпедіңдер деген сауалға "залды толтыра алмаймыз деген қорқыныш болды" деп жауап берді. Бұл мен үшін өте түсініксіз жағдай», – дейді журналист Нұрбол Жайықбаев.

Оның пікірін танымал қоғам қайраткері, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Элина Паули де қолдап отыр.

«Бұл өз көрермендерін, мемлекеттік тілді сыйламаудың ең үлкен белгісі. Біз қазақ тілін тұрғындар үйренсін, жастар арасында кеңінен насихатталсын деп еңбек етіп жүрміз, ал, мыналардың істеп отырған ісі осы. Мен қазақ тілін жақсы білемін және аталған фильмді түпнұсқа түрінде көргім келеді. Өйткені, ол Қазақ хандығының тарихы жайында. Ал, не үшін оны орыс тілінде ғана көрсеткені түсініксіз. Міне қараңыздар, қазақша көруге келгендердің қарасы қалың, адамның көптігі сонша, ине шаншар орын жоқ», – дейді өңірге танымал жас депутат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары