$ 494.87  520.65  4.91

Халықтың зейнетақыға деп жинаған 9 млрд теңгесі желге ұшты

Зейнетақы қоры тағы миллиардтардан қағылды! Ел қаржысы сеніп тапсырылған мекеме бұл жолы инвестициялық қателіктердің кесірінен бақандай 9 миллиард теңге шығынға батқан деп хабарлайды КТК телеарнасы. Қордағылар мұны әдеттегідей теңгенің құнсыздануымен түсіндірді. Жалпы, соңғы кездері зейнетақы қорындағы жағдай жақсы болмай тұр. Басшыларының да осыдан үш апта бұрын 5 миллиардтың талан-таражға салынуына байланысты ұсталғанын айта кетейік.

Басшылары бақандай 5 миллиард теңгені талан-таражға салды деген күдікпен ұсталған Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры сеніп тапсырылған қаржыны тағы да ұқсата алмады. Елдегі ең маңызды активке ие болып отырғандар жұрттың жиып-тергенін ұлғайтудың орнына бір айда ғана миллиардтап шығын көрген. Ал, сәтсіз инвестициялар компанияның жеке шотынан емес, зейнетақы есебінен жасалыпты. Яғни, зейнетақыны инвестициялаймыз деп мекеме желтоқсанда 33 миллиардқа және тағы 2 миллиардқа шығынға батқан. Артынша 26 миллиард теңге инвестициялық табыс тапқанымен, шығын 9 миллиард теңгеге бір-ақ жеткен. Қордағы қаржыны дұрыс қолдана алмағандар мұны әдеттегідей теңгенің әрі кезінде сатып алынған құнды қағаздардың кенеттен құнсыздануымен түсіндірді.  

Нұржан Нұрғазин, ҚР Ұлттық банкі басқарма басшысының орынбасары:

- Өткен жылдың желтоқсан айында зейнетақы активтерін инвестициялаудың нәтижесі аса табысты болмады. Яғни 9 млрд теңге шығын болды. Бұл құнды қағаздардың құнсыздануы мен доллар бағамының бақандай 8 теңгеге қымбатауы салдарынан болып отыр. Десе де, жалпы жылдық инвестициялық табыс бұдан азайып қалған жоқ. Ол бүгінде 531 млрд теңгені құрайды.

Осы айдың ортасында ғана алматылық салымшылар зейнетақы жинақтарындағы ақшаның азайғанын айтып дабыл қаққан. Алайда Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорындағылар инвестициялық табыс бірде көбейіп, бірде кеміп отырады деп оған көп мән бермеуге шақырған болатын. Жалпы, соңғы кездері зейнетақы қорындағы жағдай жақсы болмай тұр. Басшыларының осыдан үш апта бұрын миллиардтарды талан-таражға салды деген күдікпен ұсталғанын да айта кетейік. Руслан Ерденаев пен оның сыбайластарына қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Ал бөліске салынған қордың 5 миллиард теңге қайтарыла ма, жоқ па, ол жағы да жабулы қазан күйі тұр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары