$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысы әкімінің орынбасары: «Бір жерде көп отырғанның көзін шел басады» (ВИДЕО)

Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Панфилов ауданына қарасты Еңбекші орта мектебінде болып, мектеп басшылығының бірқатар кемшіліктерін анықтады. Сондай-ақ, оқу ордасының директорына ескертулер айтқан идеолог бір маманның бір қызметте ұзақ жұмыс істеуі жақсылыққа апармайтынын да ескертті.

«Жаны ашымағанның басы ауырмас дейді қазақта. Балаға жандарыңыз ашымайды. Білім сапасыз болса, дұрыс маман шықпайды. Маман дұрыс болмаса, ертең ол елдің экономикасына жұмыс жасамайды. Сіздер бірақ оны ойламайсыздар. Неге? Өйткені, жандарыңыз ашымайды», - деді Жақсылық Омар аталған мектеп директорына.

Әкімнің орынбасары сондай-ақ, бір орында көп отырған мамандардың мәселесін қарауды да қарамағындағыларға тапсырды.

«Негізі ұзақ отырғандардың мәселесін қарау керек. Өйткені, адам ұзақ отырса көзін шел басады. Жұмысы нәтижесіз болады», - деді ол.

Жалпы, шененуктерге дәл осы «ұзақ отыру» мәселесіне келгенде байқап сөйлеу керек сияқты. Мәселен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір қызметте 25 жылдан астам уақыт отырғаны тек бізге емес, әлемге аян. Бірақ, 25 жылда Қазақстанды көгертіп, көркейтті емес пе? Сол секілді 20 жылдан астам Мәжілісте депутат болып келе жатқан Нұртай Сәбильянов секілді ел ағалары да бар. Олардың ел дамуына қосқан үлестері орасан зор, тіпті өлшемге келмейді.

Сондықтан, бір директорды тәртіпке салмастан бұрын айтар сөзді алдын ала саптап алу қажет сияқты. Әйтпесе бүкіл Қазақстанның билік жүйесіне тілің тиіп кетуі мүмкін ғой...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары