$ 494.87  520.65  4.91

Кейінгі ұрпақ бізге лағнат айтып, артымыздан топырақ шашатын болады — кәсіпкер

Алматылық кәсіпкер, «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы Ахметбек Нұрсиланың айтуынша, қазақ халқы әліге дейін «қалың ұйқыдан оянбай», бейғам жатыр. Елді жалаң патриотизм пен жалқаулықтан арылуға шақырған ол патриоттықты сөзбен емес, іспен көрсету керектігін айтуда.

Айта кетейік, соңғы 1 жылдан астам уақыттан бері елімізде жер сату мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Алдымен, Жер туралы кодекске енгізілген өзгерістерге қарсы шыққан халық былтыр көктемде бірнеше наразылық акцияларын өткізсе, биыл Конституцияға енгізілгелі жатқан өзгерістерге де айтарлықтар қарсылық танытуда. Атап айтқанда, 26-бапқа өзгеріс енгізбеуді талап етіп отыр. Яғни, бұл өзгерістен кейін шетел азаматтары Қазақстанның жерлерін жаппай сатып алуға кіріседі дейді қоғам белсенділері.

Ал, кәсіпкер Ахметбек Нұрсила болса бос ұрандатпай, халық сол жер мен мүлікті өзіне меншіктеп алуы тиіс деп есептейді.

«Қазақ көлік жөндеу, компьютер жөндеу секілді заманауи кәсіпті меңгермей жатыр десең, "Не шатып отырсың, Алматыда Сержан деген компьютер жөндейдін қазақ бар" деп бүкіл Алматыдағы бірлі-саран танысын айтып шыға келеді. Алматыда өзбек пен ұйғыр және де басқа ұлттардың мейрамханасы толып кеткен десең, "Ау, не айтып отырсың, бізде "Жеті қазына" деген ресторан бар емес пе?" деп тағы да аузыңды жабады. 500 өзбек пен ұйғыр мейрамханасын көрмейді, өзі кіріп көрмеген жалғыз Жерұйықпен мақтанады. Ау ағайын, Алматының 80% қазақ емес пе?», — дейді А.Нұрсила.

Оның айтуынша, қазақ халқы дүниесін желге шашып, той тойлап жүргенде өзгелер жер мен мүлікке ие болып жатыр.

«Қазақ бизнес жасамасын, мүлік алмасын деген саясат жоқ. "Біз әлі ұйықтап жатырмыз". Чип-чиптеп, аспанға қарап, барымызды тойға шашып жүрміз. Кәсіпті басқалар істеп, мүлік пен жерге басқалар ие болып жатыр. Кейінгі ұрпақ бізге лағнат айтып, артымыздан топырақ шашатын болады. Жұмыс істеп, керек білім алып, жер алып, кәсіпорын ашу керек. Сонда болашаққа егеменді елді тапсыра аламыз!», — деді кәсіпкер өзінің Facebook-парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары