Біздің елдің саясатында "Біреуді құртқың келсе мақтай бер" деген ұстаным бар. Әсіресе, "мына азамат мықты іскер екен, болашақ президент болатын адам ғой..." десең бітті, мақтаған сол адамың көп ұзамай қызметтік құлдырауды бастан кешеді. Тіпті, жемқорлық бабымен сотталып кетуі де әбден мүмкін.
Мәселен, кезінде Иманғали Тасмағанбетовті жер-көкке сыйғызбай мақтап жібердік. "Нағыз президент болатын тұлға ғой" дейтіндер көбейді. Артынша Имекең премьерліктен кетті, әкім болды, министр болды, ақыры күні кеше елден де кетті.
Сол секілді кезінде Өмірзақ Шүкеевке де жарқын болашақ "тілегендер" көп болатын. "Ел басқаратын азамат қой" деп арқасынан қағып, сырттай сүйсінген "достары" көп еді. Мұнан кейін Шүкеев БАҚ беттерінен түскен жоқ. Мақтала берді, мақтала берді. Ақыры премьерлікке бір қадам жақын тұрған сәтінде "Самұрықтан" бір-ақ шықты.
Саясаттағы бұл әдісті енді батысқазақстандықтар да меңгеріп алған секілді. Күні кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов өңір тұрғындарының алдында есеп берген болатын. Жиында Бөкейорда ауданының тұрғыны Мұсағали есімді азамат сөз алып, әкімді мақтай жөнелді. Сөз арасында ол "Алтай Сейдірұлы, сіз Президент болсаңыз біздің елде бәрі жақсы болады", - деп айтып салды. Артынша бұл сөзді жергілікті БАҚ өкілдері жарыса таратты.
Алтай Көлгіновтің Түркістан қаласының тумасы екенін айта кету керек. Бәлкім дәл осы географиялық жағдай батысқазақстандық "мақтаушы" топқа ұнамайтын шығар, кім білсін? Оның үстіне, сонау оңтүстік облыста отырып алып, әлеуметтік желілер арқылы Көлгіновтің іскерлігіне күмән келтіретін "жерлестері" де жетерлік.
Қысқасы, іскерлігімен көзге түсіп жүрген Көлгінов кенет қызметтік құлдырауды бастан кешірсе оған таң қалмаңыз.