Күні кеше ғана Елбасы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев пен ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады. Аманшаевпен әңгіме барысында да, Жаманқұловпен дидарласқанда да Нұрсұлтан Әбішұлы негізінен бір мәселеге басым мән берді. Ол – патриотизм тақырыбындағы дүниелерді өнер тілінде сөйлету! Иә, Жаманқұловпен әңгіме барысында тарихи тақырыптардың маңыздылығы сөз болды. Дегенмен, оның өзі де түптеп келгенде, көрерменге патриоттық рух сыйлау болып шығар еді.
Расында да адам баласы өнерді танығалы патриотизм мәселесі рухани құндылық тұрғысынан қарағанда бірінші орыннан түсіп көрмепті. Өкінішке қарай, бұған бүгінгі қазақ өнерінің айналасында жүргендер ғана жарытып мән бермейтіндей. Жеткілікті дәрежеде мән берсе ендігі жасыңыз да, жасамысыңыз да қайта-қайта көруден жалықпайтын бір фильм түсірілген болар еді ғой. Енді бұрынғыдай ешкім де қаражат жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүрте алмайды. Ондай фильм түсіретін болса мүмкіндік жеткілікті. «Мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалынуда. Киностудия жоғары дәрежелі жабдықтармен және заманауи түсіру алаңдарымен жабдықталған» деген ақпарат осы кездесу үстінде айтылды.
Өнердің айналасында жүрген ағайын «қаражат жоқ» деп айта алмайтыны сияқты «басшылар тарапынан бізге көңіл бөліне бермейді» дегенді де айта алмайды. Көңіл бөлінбесе Елбасы Аманшаевты қабылдай ма, Жаманқұловты қабылдай ма?! Оларды алтыннан да қымбат тұратын уақытын бөліп, қабылдады екен, демек, Елбасыны қазақ өнерінің тағдыры бей-жай қалдырмайды!
Рас, көрші Ресейдің президенті В.В.Путин кейде белгілі өнер иелерінің үйіне де барып жатады. Біздің қазақ өнерпаздары ресейлік әріптестері секілді Тұлғаға айналған күні Елбасының да олардың шаңырағына арнайылап ат басын бұрарына өз басым сенемін! Ол үшін алдымен біздің әртістер, режиссерлер ұсақ пендешіліктің лай-батпағынан шығып, Тұлғаға айналуы тиіс. Олар Тұлға болған күні патриотизм тақырыбына Елбасының ескертуінсіз өздері-ақ барады.
Теледидардан бәріміз көріп тамашаладық, Елбасы «Қазақфильмге» де, театрларға да тақырыпты өзі ұсынып отыр. Оу, сонда бұларға бәрін Президент айтып отыруы керек пе?! Сонда Аманшаевтар мен Жаманқұловтар, осы саланы төңіректеп жүрген басқа да шенеуніктер не бітіреді? Бұлар есеп-қисап мекемесін немесе құқық қорғау органдарын емес, шығармашылық ұжымдарды басқарып отыр емес пе?! Шығармашылықпен ойлану деген болмайтын ба еді?!
Кездесу барысында Елбасы көптің көкейіндегісін дөп басты. Мына Ресей тарихи тұлғаларын айтпағанда, дүниеден өткен спортшыларының өміріне дейін тамаша кинолар түсіріп тастады. Харламов туралы киноны көрген орыс баласының бойын тек қана жеңімпаздық рух билеп жатса оған таң қалудың реті жоқ. Харламов дегеннен шығады, кешегі Октябрь Жарылғапов, Ғұсман Қосановтарды айтпағанда, марқұм Бекзат Саттархановтың қайтыс болғанының өзіне он төрт жыл болыпты. Қане, осы мерзім аралығында не бітірдік? Әлгі Кеңестер Одағының кезінде Қажымұқан атамыз туралы түсірілген «Бізді де танып қой» деген көркем фильмді айтпай-ақ қойыңыз. Марқұм Сұлтан Қожықов атамыздың әруағы кешірсін, ол фильмдегі Поддубный мен ұзынтұра орыс палуанының қасында қолбала секілді қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүретін Қажымұқан бірде-бір қазақ баласына патриоттық рух сыйлай алған жоқ.
Жарайды, «Ресейдің киноөндірісі бізден оқ бойы озық кетті, оған жету қайда?!» деп өзімізді өзіміз ақтап-ақ алайық. Алайда, еш болмаса мына қасымыздағы қырғыз бен өзбектің әрекетіне қарауға болады ғой. «Әрқайсысымыздың есігіміздің алдында екі өзбек, үш қырғыздан жүр» деп ісіп-кебеміз, бірақ, бізден кедей болғандарына қарамастан (егер рас болса) ол ағайындар өнер жасап жатыр. Біз әлдеқандай қылып, ешкіге асылған еркекті көрсетіп жатқанда олар кино деп аталатын қасиетті өнер арқылы жастарының бойына патриоттық рухтың дәнін егіп тастады.
Жалпы, қазақ өнеріндегі патриотизм мәселесі бүгін ғана сөз болып отырған жоқ. Бұл мәселе Елбасыға дейін де баспасөзде оқтын-оқтын көтеріліп келеді. Бірақ оған «Қазақфильмнің» құлақ асқанын ешкім есіне түсіре алмайды. Кезінде елдің сөзіне құлақ аспаған «Қазақфильм» ендігі жерде Елбасының сөзіне де құлақ аспай кетпесе болғаны да.
Бізді патриот болсын десеңіздер алдымен өздеріңіз патриот болыңыздар, «Қазақфильмдегі» көкелер! Патриот болу сіздерге де парыз!
Еркеғали БЕЙСЕН.