15.09.2014, 05:37

ТЕГІНЕН БЕЗУ...

Сурет: alashainasy.kz

Жаман нәрсеге адамның көзі үйренбесін. Немқұрайдылық көз үйренген жерде пайда болады. Ал, немқұрайдылық дегеніңіз жекелеген адамдар түгілі ірілі-ұсақты ұлттарыңыздың өзін жер бетінен жоқ қылып жібере алады.

Шымкентте бір құрдасым бар. Елгезек-ақ жігіт. Өзі жоғары оқу орнында білдей бір факультеттің деканы. «Руын не қу жасырады, не құл жасырады» дейді. Құрдасым руын жасырмайды, бірақ, Пәленбай деген рудан болғаны үшін Тағдырына қапа. Және онысын жүрген жерінде айтып жүреді. Бір-екі жерде тиып тастауға оқталып тұрып, «ру менікі, сенің басың іскені не?» десе, сөз таппай пүшәйман болып қалармын деп алдыңғы ойымнан лезде  айнығам. Кейін ол жігіттің сондай екендігіне көзім үйреніп кетті. Не айтса да немқұрайдылық танытып тұра беретін болдым. Өзін кейінгі екі-үш жылдың көлемінде жолықтырған да емеспін. Бірақ, сырт естимін, әлгі құрдас бүгінде руын «өзгертіп» алыпты. Осындағы қаптаған облыс әкімі орынбасарларының бірімен көңілі жақын болатын, оның үстіне балалық шақтары да бірге өткен бе, қысқасы, соның руына «өтіп» алыпты.

Рас, бір рудың құрамынан бір рудың құрамына өтетіндер сирек те болса бұрын да кездесіп қалып отырған. Алайда, ол жәйдан-жәй жүзеге аса салатын процесс емес, Тарихтың толғатуымен, өз заманының әулиелерінің батасымен  ғана қабыл алынатын іс. Әлгі біздің құрдастың бүгінде тасы өрге домалап тұрған су жаңа «руласы» орынбасарлық қызметтен түсіп қалса не болады екен?..

Сіз бен біз қағынан жеріген қазақты көрдік, көріп те жүрміз, бірақ, руынан, тегінен, ата-бабасынан, азан шақырып қойған аты-жөнінен безген қазақты көреміз деп кім ойлаған?! «Кейін мынадай атпен қалай министр боламын?» деп институт бітірген соң атын өзгертіп жіберген бір ағайды білеміз. Сол кісі министр болмағанмен депутат болды. Бірақ, ол кісіге ат қойған адам қайда қалды, азан қайда қалды?

Тағы бір жағдай. Рахат Әлиев дәуірлеген тұста соның атының шылбырын ұстап тұрғанды мақтаныш көріп жүргендер, Рахатпен фамилиялас болғанды Тағдырдың өзіне берген үлкен сыйы ретінде қабылдағандар оның басына күн туғанда «Әлиев» дейтін фамилияларынан безіп шыға келді. Ал, Әли олардың арғы аталары еді. Түсінген адамға Әли деген ат бас тартатын ат па?!

Алайда, Әлиден басқалардан бұрын Рахаттың өзі безген. Рахат Әлиев қатынының фамилиясын алған алғашқы қазақ шығар. Айналайын-ау, Шораз дегеннің қасында Әлидің әрбір әрпі қастерлі емес пе?!

Иә, бүгінгі біраз жаңа қазақ аты-жөнінен, тегінен, руынан безуді бастады. Қорқынышты құбылыс. Азан шақырып қойған атынан, тегінен, руынан безген адам ұлтынан безбейді дейсіз бе?! Алайда, бір нәрсені ұмытпауға тиіспіз, осынау әрекеттері үшін олар Қазақ деген ұлттың алдында қаншалықты күнәһар болса, осының бәрін біліп тұрып айтпаған біз де соншалықты күнәһармыз.

Бір жетсе біздің түбімізге немқұрайдылық жетеді.

А. БЕКНАЗАРҰЛЫ.