$ 498.34  519.72  4.85

Қытай елшісі Шыңжаң қазақтарына көрсетілген қысым туралы: «Олар біздің азаматтар, сендер араласпаңдар!»

Бұған дейін еліміздің бірнеше басылымында Шыңжаңдағы қазақтар Қытай билігінен қысым көріп отыр деген ақпарат тараған болатын. Бұл мәселе биыл Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында да көтерілген. Ал, бірнеше күн бұрын бұл мәселені Сенат депутаттары көтеріп, Сыртқы істер министрі мәселені тексеруге уәде берді. Ал, енді бұл жайтқа қатысты Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй жауап берді деп жазады Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, Қытай Коммунистік партиясының XIX съезіне дейін және кейін Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының тұрғындарына қатаң шаралар қолданылғаны белгілі, бірақ ол нақты бір ұлтқа қатысты емес, қауіпсіздік мақсатында жүргізілген шаралар дейді ол.

Елшінің сөзінше, қазіргі таңда Қытай билігі автономияға қаржылай көмек беріп келеді екен.

"Иә, құқық қорғаушылардың асыра сілтеп жіберген кездері тіркелген. Бұл жайттар бойынша біз ақпаратты Пекинге жолдадық, өйткені Қытайдың жоғарғы билігі бұл жайттардан бейхабар болған", - деді Чжан Ханьхуэй.
Оның айтуынша, ӨХР билігі ешқашан ұлттарға қарсы алалау саясатын жүргізбеген.

"Біз бірде-бір жайтқа көз жұма қарамаймыз. Егер маған өтінішпен шықса, кез-келген уақытта тыңдауға дайынмын. Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында 1,5 миллион қазақ тұрады. Олар - біздің елдің азаматтары, Қытай халқының бір бөлшегі. Бізде 56 ұлттың өкілдері бір отбасындай өмір сүріп келеді. Біз ешқашан бір ұлтты көтеріп, екіншісін төмендетпейміз, мұндай мемлекет көпке ұзамай құлайды. Екінші жағынан, олардың қолдарында Қытайдың паспорты бар, яғни Қытайдың азаматтары. Ал, бұл демек Қытайдың ішкі шаруасы. Қателессек те ол өзіміздің ісіміз. Бізге айтқандарыңыз үшін рахмет, бірақ араласпаңыздар", - деп қысқа қайырды Қытай елшісі.

Еске салайық, бұған дейін Сенат деутаты Нұрлан Қылышбаев Үкіметтен Қытайдағы қазақ диаспорасына қысым көрсетіліп жатыр деген ақпаратты тексеруді сұараған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары