Бұл туралы саланы басқарып отырған шенеуніктердің өздері тілшілерге айтып берді. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары өңірде 200-ге жуық дәрігердің зейнет жасынан асып кеткенін aktobenews.kz тілшілеріне мәлімдеген.
«Жалпы Ақтөбе облысында 11 мыңнан аса медицина қызметкері бар. Оның төрт мыңға жуығы дәрігерлер. Облыс көрсеткіші бойынша он мың халыққа шаққанда 42,6 пайызды құрайды. Қамтылу жағынан Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан кейін тұрмыз. Бүгінгі таңда зейнеткерлік жасқа келіп жұмыс жасайтын ардагерлердің саны 200-ге жуық. Олар әлі еңкейіп қалған жаста емес. Кеңес беру үшін отырған бір-екі үлкен дәрігеріміз бар. Олардың өздері кеткісі келмейді. Итерсең тағы ренжиді. Шыны керек, біздің кейбір зейнеткерлерімізден құтыла алмайсың. Ал, жас зейнеткерлер еңбекқор, олардың араларында жібермей ұстап отырғандарымыз бар», — дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Мәмбетжанова. Шенеунік өңірде жас мамандар дайындау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп жатқанын да айтып берді.
«Мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы болды. Сонымен қатар, екі жылдан бері облыстық бюджеттен қаражат бөлініп жатыр. Бұл бағдарлама 2020 жылға дейін жалғаса береді. Бағдарлама шеңберінде жас мамандарға ауылға баруға қаражат бөлінеді. Қажеттілігі жоғары гинеколог, педиатр, жарақат бөліміне, анестезиолог, хирург мамандарын дайындау ұзақ мерзімге ауысып кетті. Себебі, халықаралық жүйеде бір маман дайындау үшін 9-11 жыл керек. Бірақ, өңірде маман тапшылығы жоқ», — дейді ол.
Болашақта мемлекет қаражатымен білім алған жас мамандар оқу орны жіберген мекемелерде жұмыс жасауға міндеттеледі.
«Еңбек ететін орнын таңдау әр түлектің өз құқығы. Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттің қаржысынан оқығасын міндетті түрде үш жыл оқу орнының жіберген орнында жасайтын еді. Осы жүйеге біз келесі жылдан бастап қайта келеміз. Мемлекет қаржысына оқыған дәрігерлер міндетті түрде мемлекетке үш жыл қызмет етпек», — дейді Гүлнәр Мәмбетжанова.