Бүгінгі күні, кез-келген демей-ақ қояйын, әйтсе де кейбір мәселелер туралы ашық ақпарат алу онша-мұнша қиындық тудырмайтын шаруа болып қалды.
Жақында мынандай бір ашық ақпаратқа көзім түсті: американдық Business Insider журналында дүниежүзі бойынша 106 елдің әскери күш-қуатының рейтингі жарияланыпты. Осы рейтинг бойынша біздің әскеріміз сексенінші орында екен! Жүз алты елдің ішінде ЖҮЗДІКтің жуан ортасына да кіре алмай, соңғы жағынан орын алыпты. Сексенінші орынды соңғы орындардың қатарына жатқызуға бола ма, жоқ па – ол енді әркімнің өз шаруасы. Ал менің ойымша... «балық басынан шіритін» болғандықтан, біздің әскеріміз әлбетте әрдайым «соңғы жағынан санағанда алғашқы орындардың» бірінде болып қала беретін болады, өйткені ескіре қоймаған «ескілеу» ақпараттарды есіме түсірсем, осылай бола беретініне толық сенемін де. ӘЛҚИССА:
Есеп комитетінің арнайы комиссиясының «ескіре қоймаған» есептерінің біріне көз жүгіртетін болсақ, Мұхтар АЛТЫНБАЕВтың басшылығы кезінде Қорғаныс министрлігі 50 миллиард теңгенің талан-таражға түсуіне жол беріпті. Қылмыстық іс бойынша сот үкімімен «КамАЗ» жөндеп, гитара үйреніп келуге» (темір тордың арғы жағын көпшілік кейде осылай деп те атайды) аттанғандардың ішінде неге екені белгісіз, жоғары шенді бір де бір әскери лауазымды тұлға болған жоқ – барлығы орта дәрежелі офицерлер құрамы ғана. Ал енді миллиардтар мен миллиондар түгілі, әншейін жүз мыңдаған мемлекет қаржысының өзі жоғары шенді лауазымды тұлғаның «саусақ ымынсыз саудаға» түсе алмайды. Бұл – айдай ақиқат! Хош дейік, арнайы комиссияның тағы бір мәліметтеріне шұқшиятын болсақ, еліміз егемендігін алғалы бері неге екені белгісіз, бюджет қаржысына тек қана «көрмеге ғана қоюға» жарайтын өзге елдердің «ескі-құсқы әскери» техникалары сатылып алынып келіпті. Мысалы, 2007 жылы Қорғаныс министрлігі Украинадан С-300 (ЗРК) деп аталатын зенитті-ракеталық кешен сатып алыпты – «дүниеге» 1986 жылы келген. Еліміздегі әскери сынақ кезінде осынау кешен құрылғыларының бір де бірі іске жарамаған. Яғни, пайдалану мерзімі әлдеқашан «әдірем қалған» әскери техника деген сөз, қысқасын айтқанда. Мұнымен де қоймай, аталмыш министрлік осы кездері штат бойынша қажетті деп есептелген он әскери ұшақтың орнына... азаматтық авиацияда пайдаланылатын МИ-17 В5 деген 10 тікұшақ сатып алыпты. Бір қызығы – талан-таражға түскен бюджет ақшасының орнын жабу үшін әскери басшылықтың ұйғарымымен аталмыш он тікұшақтың бесеуіне әскери құрал-жабдықты... қолмен орналастырып, жасап-жабдықтап шығыпты. Жалпақ тілмен айтар болсақ, азаматтық авиацияға арналған аталмыш тікұшақтарға зенитті-ракеталық құрылғыларды қолмен орнатқан. Ал бұлардың іс жүзінде әжетке мүлде жарамайтыны айтпаса да түсінікті! Рас, Алтынбаев мырзамыз әскери қызметке бүкіл саналы өмірін арнаған еліміздегі бірен-саран кәсіби қызметкерлердің бірі, ал енді осы кісінің тұсында осындай былық-шылықтар орын алған болса, Қорғаныс министрлігін «гражданский генерал» Даниал АХМЕТОВ басқарған кездегі әскери махинациялар тіпті ҚЫЗЫҚ! Қызық деп айтпасқа амалымыз жоқ. Мәселен, біздің әскери саламыздағы шенеуніктер бюджет ақшасын үнемдеу үшін (айырма ақшаны өз қалталарына салу үшін әрине) Израил еліне 904 дана әскери «КамАЗдың» орнына... 904 дана кәдімгі «гражданский КамАЗды» айдап апарады. Еврейлердің ақылымен әлбетте. «Қазақтардың тірлігін» қызық көрген еврейлер (олардан қулық асқан ба сірә) аталмыш «КамАЗдардың» барлығына «Кунги» деп аталатын ракетаны «қолмен шегелеп»... орналастырып бере салған. Масқара-ай! Осыны біздің әскерилеріміз әлдеқандай болып алып келді елімізге – артиллериялық жүйемізді модернизациялап жатырмыз деп! Кейіннен... әскери жаттығулар кезінде осынау «заманауи» техниканың бір де бірінің істемей қалған анықталған. Тіпті біздің білгіш әскерилеріміз «заманауи техника» деп алып келген осынау құрылғылар сона-а-а-у-у... өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарының өзінде-ақ пайдаланудан шығып қалған құрылғылар екен. «Ақшасы міне, бірдеңе қылып арзан-парзанға әскери техника бер» деген соң еврейлер әлбеттте, өздерінің «металлоломдарында» жатқан «Кунгилерін» күліп-күліп тұрып... орнатып бере салған ғой біздің «КамАЗдарға». Сауатсыздық-ай! Мұның «металлолом» екенін тіпті министр Даниал АХМЕТОВ те айыра алмаған! Қайдан айырсын, әскери адам болмаған соң! Әскер саласының маманы болмаған соң!
Есеп комитетінің арнайы комиссиясы осы министрліктің негізсіз жасаған 29 келісім-шартын және анықтапты – ал негізсіз жасалған осынау келісім-шарттардың «нәтижесінде» 4 миллиард 067,9 миллион теңгенің мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілген. Ал біз болсақ... «қайдағы бір оншақты миллион теңге» үшін генерал ЖОЛАМАНОВқа таң қалып, аузымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Онымен қоймай, екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне егемен елімізде бұрын-соңды болып көрмеген КЕРЕМЕТтей әскери парад өткіземіз деп күмпілдейміз. Сонда парадты немен өткізбекшіміз? Еврейлер «КамАЗдарымызға» қолмен орнатып берген «заманауи техникалармен» бе? Кімді алдаймыз сонда?
Ал осы кезде... өзбектер бізден озып кетті – ол қалай десек, ол былай екен:
Жеріміздің табиғи байлығының арқасында қазынаның қоржынына түсіп жатқан ақша аз емес. Ол ақшадан ырымдап-жырымдап емес, кәдімгідей – миллиардтап-миллиардтап бөлініп те жатыр, еліміздің қорғаныс саласына. Ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, өткен жылы еліміздің қорғаныс саласын модернизациялау, қайта қалпына келтіру және жаңа әскери техникаларды сатып алу мәселелерінің өзіне ғана 138,6 миллиард теңге бөлініпті. Осыншама қыруар қаржы еліміздің жаяу әскері мен аэромобильді бөлімшелерінің, сонымен бірге әскери-теңіз күштерінің потенциалын жетілдіре түсуге бағытталған.
Ашығын айту керек, жоғарыда ғана жазып өттік – өткен бес-алты жылдың ішінде қорғаныс саласына бөлініп келген қыруар қаржының қалай «тиімді игеріліп» жатқаны туралы. Әскери КамАЗдар мен МИГтардың орнына әскери салаға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» кәдімгі қарапайым КамАЗдардың, әскери тікұшақтардың орнына азаматтық авиацияның ескі-құсқы тікұшақтарының қалай сатылып алынып келгені туралы. Жасыратыны және жоқ, еліміз егемендігін алған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қорғаныс саласына қатысты бір де бір зауыт-фабрика немесе тіпті әскери техниканы күрделі жөндеуден өткізіп отыратын бір де бір қарапайым цех та «дүниеге келмеген» екен. Осы уақыт ішінде жаңаша жасақталған бір де бір әскери полигон немесе әскери танкодром да құрылмаған. Бір қызығы – еліміздің жоғары білімді мамандар даярлайтын әскери оқу орындарында шет елдік, оның ішінде американдық және батыстық жаңа технологияларға негізделген әскери техникалар теориялық тұрғыда болашақ мамандарымыздың «құлағына құйылады» екен. Дұрыс-ақ, «құйылсын-ау» дейік, ал бірақ сонда ол әскери техникалар еліміздің қорғаныс саласында қолданыста жоқ қой! Есесіне біздің «білгіш бесаспаптар» Ресейдің немесе Израильдің қолданыстан әлдеқашан шығып қалған әскери техникасын сатып алып келді. Сатып алып жатыр да. Бұдан шығатын бір ғана қорытынды – біздің жоғары білімді әскери мамандарымыз заманауи әскери техниканы теориялық тұрғыда ғана біледі деген сөз. Ал теория мен практика дегеннің арасы жер мен көктей – мұны көзі ашық кез-келген адам жақсы білсе керек. Тағы бір қызығы – еліміздің қорғаныс саласының дебиторлық қарызы өткен жылы 13,5 миллиард теңгеге жетіпті! АЛ КЕРЕК БОЛСА! Заманауи құрылғы-техникалар сатылып алынып жатпаған болса, бұл ақшаның қандай «құлқынға құйылып,» қалай «тиімді игеріліп» жатқаны айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймыз. Бұл деректі біз аспаннан алып отырған жоқпыз, еліміздегі Есеп комитетінің ресми мәліметі. Ал ресми мәліметке сенбеуге тіпті де қақымыз жоқ. Оның үстіне әңгіме АҚША туралы болып отырса, қалай сенбеске!
Қайбір күндері әскери саладан отставкаға шыққан бір полковник АҒАмен әңгімелесіп қалдық. «Рас, әскеріміздің заманауи техникамен жабдықталу мәселесі мүлде сын көтермейді, − деді ол кісі күрсініп қойып, − мен мысалы, Совет Одағы кезінде де әскери қызметте болған адаммын, ал бірақ дәл қазіргі біздегідей болып жатқан «әскери былық-шылықты» көрмеген екем. Еліміздің қорғаныс саласындағы шенеуніктер, шынын айтқанда, мемлекет басшысының халықаралық дәрежедегі авторитетіне ғана арқа сүйеп үйренген. Ол кісінің қалай болғанда да елімізді кез-келген әскери жанжалдан алып қала алатынына сеніп кеткен. «Назарбаев тұрғанда бізде соғыс болмайды» дейді олар, сөйтіп жаңа технологияларға бөлінген қыруар қаржыны мерзімі өтіп кеткен ескі әскери техникаға жұмсап, одан түскен айырма ақшаны өз қалталарына басып үйренген. Көздерін шел басқан. Әлбетте дұрыс қой, соғыстың бетін аулақ қылсын әрине, әйтсе де әскери мамандар арасында нақылға айналып кеткен «бейбіт өмір сүргің келсе, соғысқа дайын бол» («хочешь мира, готовься к войне») деген сөздің де жаны бар деп ойлаймын...»
Міне, әскер саласынының «ішкі кухнясын» жақсы білетін маман адамның бір ауыз сөзі. Көп сөзге жоқ мұндай адам кесіп-пішіп бір-ақ айта салады. Төтесінен. Соны аңғардық. Осы ретте жоғарыда айтылған әлемдік көрсеткішті есімізге тағы бір мәрте түсіре кетсек: әскери күш-қуатының рейтингі бойынша біздің еліміз әлемнің 106 елінің ішінде сексенінші орында болса, өзіміз онша-мұнша МЕНСІНЕ бермейтін Әзірбайжан (50-орын), Грузия (64-орын), Белорусь (52-орын), Украина (21-орын) сияқты елдер біздің алдымызға шығып кетіпті. Тіпті Өзбекстан да бізден озып кетіпті – 48-орында тұр. Ойланатын жағдай...
Марат Мадалимов