02.04.2015, 18:00

Оны Фрейдсіз-ақ білдік қой

Сурет, israelguids.ru

Осы күні Зигмунд Фрейдті (1856-1940) білмейтін адам жоқ. Психоаналитиканың атасы деген аты тағы бар. Оның бейсана құбылыстарды ғылымға алғаш қосқанынан болар, «психология тарихы Фрейдке дейін және кейін деп те бөлінеді», дейді психолог мамандар. Бұл ғалым сонша кім еді, оның айтқаны бізге жаңалық па?

Психоаналитик австриялық психолог Зигмунд Фрейдтің (1856-1940) айтуынша, адамның екі негізгі қоғаушы инстинкті бар: бірі – өзін өзі қорғау инстинкті, екіншісі – жыныстық инстинкт (либидо). Алғашқысы тіршілік иесінің өзін ғана қорғау үшін болса, соңғысы сол эволюциялық түрді қорғау үшін қажет. З.Фрейдтің өзі сананы екі деңгейге бөледі және санадан да жоғарғы нәрсені атап өтеді. Сананың астыңғы бөлігі, яғни бейсана құбылыс ''ол'' деп, ал сана «эго» (мен) деп аталады. Ал олардан да жоғары тұрған қоғамдық тәртіпті «Жоғары эго» деп атайды. Либидо бейсана деңгейде (ол) пайда болып,  эгоға ықпал асайды. Ал либидоның жасағысы келген әрекетіне Жоғарғы эго рұқсат бермейді, осы кезде қайшылық туындайды және қайшылықтың орын алатын жері - осы эго. Осыдан «Былай тартсаң, өгіз өлетін, былай тартсаң, арба сынатын» жағдай туындайды.

Яғни, оны қанағаттандырсаң қоғамдық тәртіпті бұзып қылмыс жасайсың, қанағаттандырмасаң сананың қызметі бұзылып аномалияға алып келеді.

Сондықтын да, автор «мұқтаждықтарды сублимациялау» жолын ұсынады, яғни келіп тұрған жағымсыз энергияны қоғамдық тәртіпке қайшы емес, қайта қоғам өзі қолпаштайтын бағыттарға, арналарға бұрып жіберу. Спортқа, көркем өнерге, ғылымға, т.б. жолдарға. Мысалға, жануар инстинкті ұрып-соғуға итермелесе, онда спортпен айналысу. Аталған мұқтаждықты қылмыстық жолмен қанағаттандырсаң, түрмеге қамайтын болса, спорт арқылы қанағаттандырсаң, түрмеге қамамақ түгілі, қолпаштап, алақанға салып жүреді: чемпион жасайды!

Басқаша әсірелеп айтқанда, оның өз сөзімен айтқанда,  «Ол» дегеніміз асау ат сияқты, ал «Эго» − оны үйретуші шабандоз, ал «Жоғары эго» − аттың жүруге тиісті жолы. Жабайы жылқы өз бетінше шапқысы келеді, жол жалғыз-ақ, ал адам үстінде тізгінге ие бола алмай дал болады.

Бірақ З.Фрейдтің бұл айтқандары қылмыскерлерді, әсіресе, зорлықшыл қылмыскерлерді ақтап алғандай болды. Себебі, біреуді зорлап тастап, «мен емес кінәлі, бәріне  «ол» кінәлі, сол мені қысталаған» деп айтуы әбден мүмкін. Осыған байланысты З.Фрейдтің де сыншылары жетіп артылады. Қарсыластары санаға бағынбайтын деп жүрген инстинкті әуел бастан тәрбиелеуге болатындығын, Фрейд либидоның күшін соншалықты арттырып көрсететіндігін айтты. Фрейдке қарсылар «жабайы жылқыны» құлыншақ кезеңінен жүгендеуді ұсынады.

Ал Фрейдтен бейхабар қоғамға келейік. Фрейдтің либидосы теологиядағы «нәпсі» ұғымымен де қабысады. Дегенмен, Фрейдтің либидосы нәпсіден тар, дәлірек айтсақ, тек жыныстық нәрсемен шектеледі, ал «нәпсінің» одан өзге де түрлерін мамандар санамалап бере алады. Нәпсі ұғымы ислам шариғатына ҮІІ ғасырдан таныс, ал қазақ қоғамына қазақ қазақ болғалы таныс. Осы нәпсісін тию туралы ғибраттар қаншама термелер, жыраулар поэзиясында бар, қара өлеңдер қаншама.

Тіпті нәпсі ұғымымен қабысып қана қоймай, либидо-жылқыны құлын күнінен тәрбиелеу деген мәселе қазақ қоғамында Фрейдке дейін-ақ айтылып жүрген болатын. Мысалға, Мәшһүр

Жүсіп Көпейұлының  (1858—1931):

 Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,

Міне қалса, жортқызып, желгізбей бақ.

Өзін-өзі бағуға көп әл керек,

Көз соңынан көңілді жүргізбей бақ, – деген өлең жолдары тек М.Ж.Көпейұлының ғана емес, оған дейінгі ислам философиясымен біте қайнасқан қазақ дүниетанымындағы қағидалардың бірі еді. Қазаққа кең таралған өлең күйіндегі нәрсенің бәрін көркем шығарма есебінде ғана емес, дәстүрлі қазақ қоғамының өзіндік ерекшеліктеріне орай оны философиялық түйін, аңсар, ұстаным ретінде де қарау ләзім.

Дегенмен Фрейд нәпсінің тек жыныстық түріне тоқталған. Ислами әдебиеттерде, қазақ филоософиясында одан өзге де түрлері қарастырылады: көз нәпсісі, көңіл, тойым, құлақ нәпсісі т.б. Яғни адамның рухани, имани мұқтаждықты қанағаттандырудан өзге талап қылатын нәрселері. Нәпсінің барлық адал түрлеріне рұқсат етіледі, тек белгілі бір шекте, шеңберде сақталса. Мысалға, тойымға қатысты «қанағат» категориясы өлшем болады. Оны қазақ мақалдарынан да аңғаруға болады: «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз – жалғыз атын сойғызар»; «Тарта жесең – тай қалар, қоя жесең – қой қалар», т.б. Жыныстық нәпсіні де белгілі бір шекте және тәртіпте қанағаттандыруға рұқсат етілген. Ал Христиан дінінің католик шіркеуіндегі діни қызметкерлерге жыныстық нәпсіні толықтай тию бұйрық етілген.

Біздің білгір ойшылдарымыз Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп т.б. ғұламалар қазақтың дүниетанымын ескеріп, өлең күйінде жазды. Оны көзбен емес, көңілмен оқып, ойды аршып алу ләзім іс.

Алмас Жұмағали,

Заң ғылымдарының кандидаты