09.01.2018, 05:52

Төбемізден үнемі бомба тастап жатты: Сириядан оралған қыз сондағы өмірі жайлы айтып берді

Батыс Қазақстан облысында тұратын белгілі ақын Ұлдай Сариева өзінің жерлесі, Сирияға барып, ондағы қулық-сұмдықтардың куәсі болған әйелмен сұхбаттас болыпты. Жақсы өмір сүреміз, бақытты боламыз деген тәтті қиялға сеніп, ақырында сан соғып қалған қазақ қызының басынан өткен жағдай талайларға ой салады деген үміттеміз деп жазады Zamana.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің мәліме­тінше, күні бүгін Сирия мен Ирактың отты аймағында 16 жасқа дейінгі 390 қазақстандық бала бар. Соның  214-і – ұл, 176-сы – қыз бала. «Ол балалардың бәрінің дін аман екенін біле алмай отырмыз. Себебі, балалар ДАИШ-тың құрсауында қалған соғыс болып жатқан аймақта», – дейді ҰҚК өкілі.

 Алдағы уақытта Қазақстанға 50 бала әкелінеді деп күтілсе, күні бүгін 63 бала елге оралды. Солардың 4-еуі қараша айында Грозный-Мәскеу қаласы арқылы 29 жастағы анасымен бірге Орал қаласына жеткізілген болатын. Олар Ресейден Сирияға жиһад­қа кетіп, елдеріне кері қайтуды сұраған әйелдер құрамында Сирия аумағынан құтқарылды. Алды 5 жас, арты 3 айлық күнәсіз балалар әке-шешесінің қате­лігінің кесірінен бір жұтым суға зар болып, анасымен бірге талай азапты көріп, елге әйтеуір аман-есен оралды.

 Бұдан 6 жыл бұрын Жанар (есімі өз­гертілді) Пәкістан аймағында жүрген Ре­сей азаматымен интернет арқылы таны­сып, тұрмысқа шығу мақсатында жолға шығады. Ата-анасын, туған жерін тәрк етіп, қауіпті жолға бет түзеуге сол кездегі 23 жастағы қызға не әсер етті? Сөйтсек, бұл сұрақтың бір-ақ жауабы бар екен.

Ол – діни сауатын мешіттен, имамдардан ашпағаны. Исламды бұрмалаушылардың ықпалымен елімізде мойындалған дәс­түр­лі Ханаби мазхабынан бас тартып, намазды Ханбали мазхабымен оқып, діни сауатын интернет арқылы ашып, санасын бөтен ағымға жаулатқан Жанар туралы тағы да не білеміз?

 Ол 1988 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге кел­ген. Дағыстан жігітіне тұрмыс­қа шығуды мақсат етіп, 2011 жылы 12 сәуірде елден қашып кетеді. Ақтау – Ыстамбұл – Иран – Пәкістан маршрутымен жолға шыққан ол екі апта жол қиындығын кө­ріп, болашақ күйеуі Асбекке жетеді. Сол қалада неке­лерін қидырады. Уәзірстанда 1 жыл 3 ай тұрған Жанар виза мерзімінің бітуіне байланыс­ты Пәкістан, Иран, Түркия шекарасын отбасымен бірге заңсыз кесіп өтіп, Стамбұл қаласына жетеді.

2014 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади халифат жария­лайды. Отбасымен халифат жолына шығып, Сирияға жеткен Жанар жантүр­шігерлік жағдайлар­ға, өтірік, алдап-арбау, өлтіру оқиғаларына тап келеді. Исламның шарттары сақталмаған елден кетудің жолдарын іздейді. Интер­неттен видео қарап, мұсылмандар елінде ислам­ға сай өмір сүруді ойлаған Жанар өзінің алдан­ғанын, өзі ұстанған жолдың қате екенін соңынан біледі.

 Бір кезде ата-анасын, кіндік қаны там­ған туған жерін, Отанын еш ойлан­бастан қиып кеткен қыз қайтып оралып туған топырағына табаны тигенше небір құқайды басынан өткеріпті. Біз Жанармен Орал қаласында, облыстық мешітте кездесіп, сұхбаттастық.

 Нағыз жұмақ болар деп ойлағанбыз

 – Ол жерге шариғат бойынша жақсы тұрамыз деп ойлап барғанмын. Бірақ Пәкістан мұсылмен елі болса да, ол жерде ислам жоқ сияқты. Әйелді адам санамайды, дамымаған ел екен. Үйлері саз балшықтан салынған, жарық жоқ. Төбемізден үнемі бомба тастап жатты. Оның үстіне жергілікті тұр­ғындар мен әскерилер бізге күн көрсетпеді. Біз Уәзірстанда 1 жыл 3 ай ғана тұрдық. Тұңғы­шымыз сол жерде дүниеге келді. Нашар тұрмысқа шыдай алмадық.

 Түркияға өтіп, Стамбұл қаласына тұрақтадық. Екінші қызым сол жерде дү­ниеге келді. 2014-жылы халифат­қа жи­нал­­дық. Хадис бойынша халифат жария­лан­ған жерге хиджра істеу керек. 2015-жылы екі баламызды алып, Сирияға кеттік.

 – Жанар, Сирияда соғыс болып жат­қанын білдіңіздер ме?

 – Жоқ, барғанға дейін түк білген жоқпыз. Түркияда тұрғанымызда бейне­ро­ликтер қарадық. Әдемі түсі­рілген ро­ликтер. Аурухана, жақсы дә­рігерлер, балалар ойнайтын алаңқайлар… Тұрмыс тегін, нағыз жұмақ болар деп ойлағанбыз.

 – Қалай қарсы алды?

 – Бірден тінту жүргізді бізге. Түрме­дегідей қолыңды артыңа ұстап тұрасың. «Тұр! Жүр! Тез!» деп бұйрық береді. Бәрі дөрекі, айқайлап зәреңді ұшырады. Халифат деп алып-ұшып келген біз не істерімізді білмей қалдық. Тұла бойың­ды түгел тінтіп, телефон, флешка, жеке құжа­тымызды, пайдаға асатынды тартып алды.

 – Құжатыңызды қайтып берген шығар?

 – Бермеді. Сол әкеткеннен құжаты­мызды көрмедік. Олар бізге: «Енді сен­дерге құжаттың керегі жоқ, келдіңдер, енді өмірлеріңнің соңына дейін осында қаласыңдар» деді. Күйеуімді үш ай  көрмедім…

 – Үй берді ме?

– Барақта тұрам деп ешқашан ойлаған жоқпын. Барамыз, бізге тегін үй береді, бәрі тегін, рахат, мұсылмандар арасында тату-тәтті өмір сүреміз деп ойладық. Бізді Ракка қаласына апарды. Адам тұратын жер емес. Күйеуімді бір­ден алып кетті… Әйелдерді бала­ларымен 3 бөл­мелі үйге орналастырды. Әйелдер бала­ларымен сол үйден шықпай оты­рып, күйеулерін күтеді. Кішкентай бір бөл­меде 15 адам тұрдық. Сыртқа шығар­майды. Балалар ауыра бастады. Ал емдей­тін дәрігер жоқ. Барының өзі түк білмейді, ылғи топас. Аурухана лас, еш пайдасыз бір анти­биотикті балаға да, үлкенге де бере береді. Ота жасарда үстін­дегі киіммен жатқызады да, сол жерде бірден ота жасап, екінші бөлмеге апа­рып, лақ­тырып тастай­ды. Шаң болып жатқан құралмен ота жасайды да, ол құралды сол жерге қайта лақтырып тастайды және екінші адамға жумай қолдана береді. Әйелдер жеңіл­денгенде де сол…

 – Күйеуіңізді қайда әкетті? Соғыс­қа қатысты ма?

 – Жоқ, соғысқа салмады оны. Қару қоймасында істеді. Сирияға барған отбасын сол күні-ақ екі жаққа бөліп жібереді. Күйеулері басқа жерде шари­ғат сабағын алады, әскери дайындық­тан өтеді. Ал әйел-баласы қамауда оты­рады. Сол әкеткеннен күйеуімді 3 ай көр­ме­дім. 3 айдан соң ол келіп, бізді алып кетті.

 – Қайда әкетті?

 – Ракка қаласынан 3-4 шақырым жер­дегі бір қалаға көштік. Көшер алдын­да бізге амирлар: «Сендерге жаңа үй жаб­­дықтарын береді, кір жуатын маши­на, тоңазытқыш – бәрі-бәрі бар. Қой­маны ашады, ал сендер тек таңдап алың­дар» деген еді. Барсақ, қаладан адамдар көшіп кеткен, қаңырап бос жатыр. Қой­ма да, дүние де жоқ… Оншақты отба­сы көшіп барғанбыз, бос қалған үйлерден үй таңдап алдық. Газ жоқ, қаланы аралап жүріп кір жуатын ескі темір машина, сынық плита, шіріп, сасып жат­қан тоңазытқыш тауып алдық. Үйге әкеліп, тазалап жуып алдық…

 – Тамақ, ақшаны қайдан алды­ңыздар?

 – Сирияға келісімен күйеуің сол жер­дегі ұйымға, жамағатқа кіреді. Жамағатта болмасаң, сені бірден түрмеге жабады. Ал солардың қарамағына кірген соң қайда жұмсаса да, барасың. Топқа бөліп тастай­ды, біреуі кеңседе құжатпен отырады, біреуі қару жинайды, тазалайды, біреуін соғысқа салады. Сол үшін ақша алып тұрады.

 – Қанша ақша беріп тұрды?

 – Алғаш барған кезде әйелдерге айы­на – 50, балаларға 35 доллардан беріп тұрды. Ал соңғы кезде 6 адамнан тұратын отба­сына бар болғаны 30 доллар берді. Ол тамақ­қа жетпеген соң әйелдер компьютер, артық киімдерін сатып жатады. Сирия­лықтар дүкен ұстайды, бірақ сататын тамақтары жоқ. Түркиядан жүк көлігімен тамақ келеді кейде. Бірақ АҚШ пен Ресейдің «без­пилотнигі» ол та­мақты бізге, ДАИШ-тың ішіне кіргіз­беу үшін бомба тастап, жарып жібереді. Базар, дүкендер жабылды, адамдар ашығып жатыр.

 Анасын баласының көзінше өлтіріп жатыр

 – Жанар, бір сөзіңізде ол жақта ислам жоқ дедіңіз. Тарқатып айтсаңыз…

 – Ол жердегі өмір біз ойлағандай, шариғат бо­йынша емес, керісінше екен. Шынында да, ислам жоқ ол жерде. ДАИШ-тың бастығының ережесімен жүруің керек. Қарсы шықсаң, түрмеге қамайды. Ақида жағынан сабақ беретін «браттардың» айтқанын те­ріске шығар­ған ДАИШ-тың адамдары «Жоқ, сен олай үйретпе, айтқанымызды үйрет» деп бұйырады. «Браттарды» түрмеге қамап, өз адамдарына сабақ бергізеді. Видеода «Бізге келіңдер, ұнамаса, кері кете беріңдер» дейді. Алдап шақырып алады, келдің бе, кері кете алмайсың, ол жақтан кері шығу өте қиын. Еркектерді жертөлеге 2-3 ай қамап, сол жерде жаза­лайды, өлтіреді. Кетіп бара жатқан адамды «кафирлар» дейді. Өлтіріп тастайды да, отбасына «жол апатынан өлді» деп өтірік айтады. Ол жерде қаншама «сестралар» жылап отыр кері кете алмай, қор бол­ған бала­лар қаншама? Сонда бұл сұмдықтың несі ислам?

Халифат деп хиджра істеп барып, қаншама мұсылман өлді. Мосулда қор­шауда қалғандарды шығармады. ДАИШ-тың басшылары «Бұл жерден жан баласы шықпасын!» деп бұйрық берді. Ирактың әскерилері қолына түскен әйелдер мен балаларды жаппай өлтірді. Баласын анасының көзінше өлтіріп жатыр немесе керісінше. Әйел­дерді құлдыққа сатып жатыр.

Мосулда көп адам тұтқында отыр. Көбі қашып жатыр, бірақ жолда ұсталып өледі. Ол жерде еш­қандай халифат жоқ. Халифат деп барған мұсылмандар «Әбу Бәкір әл-Бағдади қайда, неше жыл өтті, өзі көрін­бей ме бізге, әлде басқа видеосын шығар­май ма? Бізге әрі қарай не істеу керегін айтпай ма?» деп шулады.

Бізге оны ес-түссіз жа­тыр деді. Қыркүйекте араб тілінде 6 са­ғаттық бір видео шықты. Естігендер «Оның даусы емес» деп айтып жатыр. «Ал Әбу Бәкір әл- Бағдади ақшаны алып, Америкаға қашып кетті, өзі еврей екен» дейді. Мақсаты – мұсыл­мандарды бір жерге жинап, құртқысы келіпті.

– Күйеуі өлген әйелдердің одан әрі тағ­дыры қандай болады?

– Күйеуі өлген соң әйел төрт ай идда­сын өткізіп, қара жамылып отыра­ды. Төрт айдан соң «күйеуге шық» деп маза­сын ала береді. Ал күйеуге шықпа­саң, күн көре алмайсың, ауырсаң, қара­майды. Бір бөл­ме­де он бес шақты әйел отырады, су, тамақ бермейді. Әйелдер амалсыздан күйеуге шығып жатыр. Кейбірі 5-6 рет шықты. Ер­кек­тер әйел етіп алады да, 3-4 күн немесе бір аптадан соң талақ береді. «Маған ұнамадың» дейді. Ештеңе істей алмайсың. Талақ болған «сестраны» жаңағы үйге апарып, лақтырып тастайды. Әйел сосын 4 ай иддасын күтіп тағы да отырады, 4 айдан соң тағы күйеуге шығады, сөйтіп қолдан-қолға өтіп жүреді. Күйеуі өлсе, әйелді тұрған үйінен қуып шығады.

Еркектер соғыстың бірінші күні-ақ өліп жатыр. Оларды бір ай әскери дайындықтан өткізеді. Дайындық деген аты ғана, мылтық ұстатып, әрі-бері жүгір­теді, болды. Соғыс тәсілдерін білмейтін, соғыс көрмеген еркектер қаруларын тастап қашып жатыр. Әуе соққысынан қырылып жатыр. Сирияда бір күн тыныш ұйықтай алмайсың, әскери ұшақ күндіз-түні тоқтаусыз ұшып, ат­қылайды. Бір бұ­рыш­та тығы­лып отырасың, сыртқа шығуға қорқа­сың. Қанша бала өлді, бомба түскен үйдің астында да қаншама «сест­ралар» қалды балаларымен?!

 – Оларды қазып шығара ма, іздей ме?

 – Көбі үйіндінің, қираған үйлердің астында қалды. Оларды аршып алатын адам да, уақыт та жоқ. Егер адамдар бір жерге топ болып тұрса, дереу бомбалап тастайды. Сондықтан ол жерде әркім өзі үшін бас сауғалайды.

 Раккадан Оралға  жеткенше…

 – Өзіңіздің айтуыңызша, бір барған соң ол жақтан кері кету қиын екен. Сириядан қалай шықтыңыз?

 – Қашып шығам деген адамдарды алып шығатын жолбастаушы болады. Ол адамды әрең іздеп таптық. 800-ден 4 мың долларға дейін ақша алады. Мені күйеуім отырғызып жіберді. Себебі, ер адамдарға жол жоқ. Қасымда бала­ла­ры­мен бас­қа да «се­стралар» болды. Кассе­хаға жеткен соң бізді көліктен түсірді. Сол жерде бізді Түркияға апармайтынын, орта жолда далаға тастап кететінін түсіндік. Бір тәулік жаяу жүрдік. Күн салқын, балалар қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Түнде жолда тү­неп, таң атқан соң тағы да жолға шықтық. Түс ауа жолда әскерилер кезікті. Күрдтер екен. Біз оларға барып берілдік. «Су, нан жоқ, балалар өлейін деп жатыр. Түркияға жеткізем деген сириялық ақшамызды алып, өзімізді алдап, жолда тастап кетті» деп жағда­йымызды айттық. Олар бізді көліктеріне отырғызып, өздерінің база­сына апарды. Тағы да тергеу басталды…

Түнге дейін солардың қарауында отырдық. Олар бізге тиіскен жоқ, су, тамақ берді, балаларға тәтті үлестірді. Бізді бұрын ДАИШ-тың адамдары «Егер күрдтердің қолына түссеңдер, сендерді зорлайды, балаларыңды қорлап өлтіреді» деп қорқытқан болатын. Сол себепті көп мұ­сылмандар жолға шыға алмай, қорқып отыр. Күрдтер «Қорық­паңдар, тиіспей­міз» деді. Бұл жерде әйелдер отыратын түрме бар екен. Бізді сонда отырғызды. Төрт қабатты сол үйде ұсталған әйелдер балала­рымен отыр екен. Оларды елдері сұратпаса, тергеу біткен­ше сол жерде отырады екен.

– Ол түрмеде қанша уақыт отыр­дыңыз?

– Бір жарым ай отырдым сол түрме­де. Қамап тастады, әжетханаға сұра­насың, шығарғысы келсе, шы­ғарады, көңілі соқ­паса, солай қысылып отыра бересің… Бір күні бізді – 14 әйел, 23 баланы Камышлы деген жердегі босқындар лагеріне апарып тастады. Себебі бізді алып кетуге Ресейден адамдар келеді деген хабар келіпті. Ол жерде «Қызыл Крест» ұйымы бар екен, 10 күн сол лагерьде болдық. Жағдайымыз жақсарды, әр отбасына бөлек палатка берді, тамақтан­дырды. 10 күннен соң бізді автобусқа тиеп, басқа жерге апарды. Ол жерден Латакия деген жерге ұшақпен апарды. Латакия – Башар Асадтың туған жері. Бізді қонақүйге орналастырды. Келесі күні ұшаққа отырғызды. Таңғы сағат 8-де Грозныйда болдық. Грозныйдан Мәскеуге ұштық.

– Елге жеткенше төрт баланы қалай алып жүрдіңіз? Екеуі әлі жүре бастамады ғой.

– Грозныйға дейін балаларды көтеріп жүрдім. ДАИШ-тың аумағынан шыққан соң күрдтерге жеткенше балаларды кезек-кезек көтеріп келдім. Сондай қиын болды. Бір тәулік жаяу жүрдік. Жолда су, тамақ болған жоқ.

– Жанар, сіз елге қайтқыңыз келді ме, әлде топпен бірге еріп, амалсыз шығып кеттіңіз бе?

– Өзім қайтқым келді елге.

– Әке-шешеңіз қалай қабылдады?

– Жақсы қарсы алды.

– Соғысты көріп, тұтқында, түрмеде болып, көп қиындық көріпсіз. Көзқара­сыңыз қандай қазір?

– Сириядағы неше түрлі жауыз­дықты көрген соң ойландым. Елде болсам, жұмыс істеп, балаларымды өсір­сем деймін. Бейбіт өмірді қалай­мын.

 «Сирияға бармаңдар!»

– Оралда «сестраларыңыз», яғни діни теріс бағытта жүрген дос­тарыңыз бар ма?

 – Жоқ. Намаз бастаған кезде елден кеткенге дейін ешкіммен аралас­қан жоқпын. Өзіммен-өзім болдым.

 – Күйеуіңіз қайда қалды?

 – Күйеуім Сирияда қалды. Менімен бірге шығуға амалы болмады. Ол бүгінде елге оралуға жол іздеп жатыр. Күйеуім – Ресей азаматы. Оны елге кіргізе ме, жоқ па, ол жағын орыстар біледі…

 – Жанар, өзіңіз сияқты шетел­дікке тұрмысқа шығуды армандап, елден кеткісі келіп жүрген қыздар­ға, жалпы жиһадқа кетуді ойлап жүргендерге не айтасыз?

 – Мұсылмандарға «Сирияға бармаң­дар!» дер едім. Бүгінгі көріп жүрген видеолар өтірік түсірілген. Мысалы, ДАИШ-тың адамдары сирия­лық бала­ларды күлдіріп, ойнатып, қолына тәттілер мен сыйлықтар беріп, видеоға түсіреді. Ал өмірінде тәтті тамақ, жақсы киім көрмеген ол балалар мәз болып күліп, киноға түседі. Түсіріп болған соң балаларға айқайлап, қуып жібереді. Сосын ол видеоларды интернетке са­лып, «Міне, бізде жағдай тамаша, келің­дер» деп шақырады. Ол жерде балалар оқымайды, бәрі надан. Медресе бар, бірақ баланы ұрып, соғып, қараңғы бөлмеге қамап, қорқытып, өздерінің ахидаларын үйретеді. Сирияға барған адамның бүкіл өмірі бұзылады, қор болады. Біздің елде жұмыс, үй бар, бала тәрбиелеп, бақытты өмір сүруге бар жағдай жасалған. Елден кетпеңдер!

 

Ұлдай САРИЕВА

Орал қаласы