Оңтүстік Қазақстан облысында 597 оқушы қыз мектепке діни киіммен барып жүр деп хабарлайды Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
«Қолданыстағы заң талаптарында діни киіммен мектепке баруға мүлдем тыйым салынған. Атап айтқанда, «Білім туралы» заңның 49-бабына сай ата-аналар мен оқушылардың өзге де заңды өкілдері білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Мектеп формасына түрлі діни конфессияға қатысты киім элементтерін қосуға мүлдем болмайды» делінген хабарламада.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 2-тармағына сай, ата-аналар немесе оқушылардың өзге де заңды өкілдері білім беру саласындағы заңдарда көзделген міндеттерді орындамағаны үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың сөзінше, оқушылардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп, бір мәмілеге келу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: Азаттық