$ 494.87  520.65  4.91

Заңгер: «Салафиттік ағымға еріп кеткен жастардың обалы ең біріншіден Дарын бастаған топтың мойнында»

Қаңтар айының басында Қарағандыда заңсыз миссионерлікпен айналысқан псевдосалафиттік уағызшы Дарын Мүбаров әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Соттың шешіміне сәйкес, ол 70 АЕК көлемінде айыппұл мен 112 348 теңге көлемінде процессуалдық шығындарды төлеуге міндеттелді.

Ал 10-қаңтар күні Алматы облысы Қарасай аудандық соты «Әлеуметтік желіде терроризмді насихаттағаны» үшін Ералтай Абайды 7 жылға соттады.

Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып отырған жоқ па?

Былайғы жұрт Дарын Мүбаровтың салафиттік иделогияны насихаттаушы екенін жиі айтады.Тіпті бұл туралы ҚМДБ өкілдері мен белгілі дінтанушылар ашық мәлімдеген. Мәселен, ОҚО мешітінің наиб имамы Еркебұлан Қарақұлов салафиттік иделогияны таратып жүрген азаматтардың атын атап, түсін түстеген болатын.

– Діни басқарманың ұстанымына қайшы келетін салафизм иделогиясын насихаттап жүрген кімдер? Оның ішінде, ең біріншіден Дарын Мүбаровтың есімін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, ол бір емес бірнеше рет өрескел қателік жіберді. Сондай-ақ, Дарын Мүбаровтан бөлек, Октам Зауірбеков, Ділмұрат, Назраттулла, ағайынды Зинуллиндерді атын атауға болады, – дейді ол.

Белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың айтуынша да, көпшілік Дарын Мүбаровты салафиттік иделогияны насхаттаушы азамат ретінде танитды.

– Өткен жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 39-бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Аталған заңға байланысты рұқсатсыз діни уағыз жүргізген кез-келген адамға жаза қолданылады. Нақтырақ айтсам, ҚМДБ ғимаратынан тыс жерде уағыз жүргізуге мүлдем болмайды. Дарын Мүбаров осы талапты бұзғаннан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Ал оның діни ұстанымына келер болсақ, ол өзі салафит екенін ашық мойындаған болатын. Оның үстіне, жұрттың бәрі оны жат ағымды насихаттаушы азамат ретінде танитыны жасырын емес, – дейді Досай Кенжетай.

Шынында, қоғамда «жастардың салафиттік жолға түсуіне дәл осы Дарынның ықпалы бар» деген әңгіме жиі айтылады. Бір қызығы, ол соған қарамастан, бірінші рет жауапкершілікке тартылып отыр. Алайда бұл жауапкершілік оған шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін тәрізді. Нақтырақ айтсақ, 70 АЕК шамамен 168 350, ал сот шығыны 112 348 теңге. Яғни, белгілі «уағызшы» төлеуі тиіс 280 698 теңгені сақалды саудагерлер әп-сәтте жинап беруі мүмкін. Сонымен іс тәмам!

Ал, Дарын Мүбаров сынды салафиттік ағымды насихаттаушылардың уағызын тыңдаған Ералтай Абай сынды азаматтар ұзақ мерізімге сотталып кетіп жатыр. Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Әбу Жихад» деген атпен тіркеліп, терроризмді насихаттаған көрінеді. Әрине, біз Ералтай Абайды судан таза, сүттен ақ дей алмаймыз. Десек те, Ералтай сынды азаматтарды улаған Дарын Мүбаровқа неге жеңіл жаза берілді?

Бұл сұрақты белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанға қойған болатынбыз. Оның айтуынша, Дарын Мүбаровқа айыппұл салып, ал оның уағызына уланған азаматты ұзақ мерізімде сотттаудың ешқандай қиысыны жоқ.

– Әлемдік тәжірибеде қылмыспен күресудің ең тиімді жолы – салдарымен емес, себептерімен күресу болып саналады. Егер қылмыстың себептері жойылса, оның құрамы да өзінен-өзі жойылады. Ал қылмыстың себебімен емес салдарымен күресетін болсақ, онда оның ешқандай нәтижесі болмайды. Құқықтық статистикаға жүгінетін болсақ, ең көп қылмыс есірткі тасымалдауға байланысты екен. Бір қызығы, біздің елде есірткіні сататындар емес, оны қолданатындар сотталып жатады. Сондықтан болса керек, елімізде есірткі қылмысын жоя алмай отырмыз. Себебі, Ауғанстаннан келетін ең негізгі жолды жаппай, керісінше, оны дамытудамыз. Жеке өз басым Дарын Мүбаровты еліміздегі салафизм иделогиясын таратушы басты азамат ретінде танимын. Бұл сөзді мен аталған азаматтың әрекетін жан-жақты зерттегеннен кейін барып айтып отырмын. Ал енді оған әкімшілік айыппұл салу халықтың наразылығын басу үшін көзбояушылықпен жасалып отырған тәрізді. Білікті мамандар «наркомандарды соттамай, емдеу керек» деп, айтып жатады. Сол сияқты Дарының уағызына уланған азаматтарды соттамай, керісінше, оларды емдеуіміз керек. Шын мәнінде, еліміздегі салафизм ағымын ұстанушылар Сауд Арабиясы сияқты үлкен күштерден қолдау алып отыр. Сондықтан да оларды соттап, белгілі бір жазаға тарту мүмкін емес. Жарайды, оларды соттау мүмкін болмаса, ең құрығанда, қазақы жолмен елден шығарып, Сауд Арабиясына жер аударып тастайық. Себебі, Дарын бастаған топты құрықтамай тұрып, салафизмді жоямыз деу далбаса әңгіме, – дейді ол.

Себепті емес, салдарды жою керек

Қазір салафимзмен күресу мақсатында Үкіметтен қыруар қаржы бөлінуде. Алайда адвокат негізгі айыптыларды жазаламай, қылмыстың салдарымен күресу қаржыны желге шашумен бірдей екенін айтады.

Бұл бір. Екіншіден, Үкімет Ақтөбе, Алматы сынды қалаларда теракт жасаған жастарды содыр деп, ату жазасына кесті. Әй, олар қауіпті ағымға 1-2 жыл бұрын ғана кіріп кеткен өзіміздің бауырларымыз емес пе еді!? Міне, осы азаматтардың обал-сауабы кімнің мойнында?

– Салафиттік ағымға еріп кеткен жастардың обалы ең біріншіден Дарын бастаған топтың мойнында. Сондай-ақ, олардың қаншалықты қауіпті екенін біле тұра, оған көз жұма қараған құқық қорғау органдары да айыпты. Сотталған адамдар еліміздің билігі мен сот жүйесіне рахмет айтады деп ойлайсыз ба? Қазір БАҚ «15 салафиттік ағымдағы азамат тура жолға қайтты» деп сүйінші сұрап жатады. Бірақ бұл мүмкін емес. Өз басым адвокат ретінде салафиттік ағымға кірген жастарды қорғап көргенмін. Мұндай жастарды қорғауыма бірнеше себеп болды, оның бірінші себебі салафиттерді зерттеу болса, екіншіден, олар өзімнің көз алдымда өскен ауылдастарымның балалары болатын. Ауылдас балаға біреулер ақша беріп жібереді, ал ол оны басқа бір азаматқа берген. Шын мәнінде, ол қаржы Сирияға кетіп бара жатқан ақша екен. Кезінде ол жігітті емдеймін деп Абай мен Шәкәрімнен мысалдар келтіріп көрдім. Алайда, намаз оқымайтын адамды кәпір деп есептейтін оларды тура жолға салу мүмкін емес екен. Олар қазір түрмені «Алланың сынағы» деп отыр. Ертең ол 3-4 жылдан соң, түрмеден шыққаннан кейін, нағыз радикал болып ортамызға оралады, – дейді құқық қорғаушы.

Шыны керек, біздің елде дәл қазір дін мәселесі өте қатты ушығып тұр. Билік айран ішкенге тиіспей, шелек жалағанды құрықтай берсе, жағдай одан сайын шиеленісе бермек. Бұл кімге керек? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елімізде соңғы болған терактілерге салафиттер айыпты екенін айтты. Ендеше, неге билік салафизм ағымына тиым сала алмай отыр?

Дереккөз: 365info.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары