$ 444.32  473.33  4.76

«Кез-келген проблемаңды шешемін»: Алматы облысында мешіттің бас имамы алаяқтықпен айналысқан

Алматы облысында бір емес, төрт бірдей мешітке бас имам болған Серік Кәріпжанов сотталып жатыр деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Соңғы рет Өтеген батыр кентіндегі мешітке басшылық еткен оны осы ауылдың тұрғыны Гүлзира Маматова айыптауда. Айтуынша, молда жәбірленуші әйелден алаяқтық жолмен 4 мың долларын алып, артынша «лақтырып» кеткен көрінеді.

Мүйтият болса әдеттегідей өздеріне шаң жуытпай отыр. Соңғы 10 жылда 4 мешітке бас имам болған Серік Кәріпжановты 1 жыл бұрын-ақ жұмыстан шығарып жібергенбіз дейді олар.

Даулы оқиға осыдан он жыл бұрын басталған. Басына іс түскен Маматовтар әулеті көмек қолын созатын адам іздеп шарқ ұрады. Сол кезде туыстары Іле ауданында аты дүркіреп тұрған бас имам Серік Кәріпжановпен таныстырған. Олар дін қызметкерлерін аттай қалап, ет асып үйге шақыртады. Кез-келген мәселені шешемін деп білек түрген молданы көрген Гүлзира ханым оның сұраған төрт мың долларын бірден тауып берген.

«Жаным қиналып қызымның босап шығуын ғана ойладым сол кезде мен. Төрт мың доллар сұрағаннан кейін өзім қолына санап бердім. Ол Түркісіб ауданындағы прокурор досым, соған беремін деді. Сол жұмысыңызды шешіп береді деді. Қолхат алған жоқпын, имам ғой деп сендім», - дейді жәбірленуші Гүлзира Маматова.

Танысым көп деп көпірген молда сөзінде тұрмапты. Ақырында телефон ұрлаймын деп тұтылған Гүлзира Маматованың қызы екі жылға сотталды. Ал, имамның алаяқтығын дәлелдейтін дәнеңе жоқ. Алла жолындағы адамға ақша бергенде қолхат та алынбаған. Іс жабулы күйіде қалар ма еді, егер Маматовтар зейнеттегі тергеушімен құдаласпағанда.

«Бұл кісіні алып Қапшағайға мешітке бардым. Наиб имамға жолықтым. Құрманәлі деген кісіге. Ол айтты Серікті іздеп жүргендер көп деп. Ол талай адамды отырғызып кеткен екен. Менен де бас имам қылам деп 500 доллар алып кеткен деді», - дейді жәбірленушінің құдасы Қазыбек Ертаев.

Серік Кәріпжанов Қапшағайдан соң Ақши ауылы мен Панфиловта да бас имам болып, жамағатқа уағыз оқыған. Жүрген жерін шулатып, халықты қан қақсатқан молданың былығы бетке шыққанда мүфтият да одан теріс айналды.

«Қазіргі таңда заңсыз түрде жұмыстан босатылды. Жоғары мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы сол кісі заңсыз түрде өз бұйрығымен босатқан. Біз соттың соңына дейін кінәмізді мойындамаймыз. Ешқандай жауап бермейміз», - дейді экс-имамның адвокаты Ілияс Досымбетов.

Күдіктінің адвокаты молданы тоғыз баласымен жұмыссыз далада қалдырған діни басқарманы сотқа береміз деп отыр. Ал, басқарма қызметкерлері имамның қалт басуға құқығы жоқ. Ол халықтың айнасы дейді.

Бір қызығы бір бұл іс бір жылға жуық тергелген. Дәйек жоқ деген желеумен прокуратура оны 3 рет кері қайтарыпты. Соттың алғашқы отырысында сыр бермеген имам сүттен ақ судан тазамын деп өзіне шаң жуытар емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары