$ 494.87  520.65  4.91

«Абыройымыздың асқақтағаны осы ма?» Қазақстанның туын ағылшындар танымады (ВИДЕО)

Танымал шетелдік Danny D блогері Қазақстан жайлы шетелдіктер қаншалықты хабардар екенін білу үшін Англия еліне келіп, Лондон көшелеріндегі жұртқа көк туымызды көрсетті. Бұл туралы видеожазба Instagram желісіндегі kaztwitter парақшасында жарияланды.

Екі адам білмеймін деп жауап қатса, келесі бір жас жігіт байрағымызды Сингапур немесе Қытайдікі шығар деп жауап берген. Ең қызығы, сауалнамаға қатысқан әскери киімдегі жігіттер туды көріп, оны Біріккен Ұлттар Ұйымына жатқызды. Алайда, бірнеше секундтан кейін ойынан айныған олар БҰҰ орнына Тибет елін айтты.

Әлемге танымал боламыз деп жар салып, халықаралық деңгейдегі саяси әрі мәдени шараларға белсенді түрде қатысып жүрген еліміздің бас рәмізін ағылшындар неге білмейді?

Ел тағдырына немқұрайлы қарамайтындардың қатарында жүрген ұлт жанашыры Талғат ЖАНЫСБАЙДЫҢ ойынша, шетелдіктердің бұндай білімсіздік көріністеріне ренжудің қажеті жоқ.

«Елімізде көптеген нәрселер істелініп жатыр. Көк туды көтреген Головкин кәсіпқой бокстың жұлдызына айналса, өз жерімізде ЭКСПО, Универсиада секілді шаралар өтті. Алайда, шетелдіктер бәрібір рәміздерімізді танымайды. Неге десеңіз, мәселе олардың білім беру жүйесінде. Мысалға, бізде кез келген экономист немесе заңгер жоғары оқу орнына түскендегі бірінші оқу жылында міндетті түрде жалпылама пәндер бойынша білім алады. Ал Еуропада әр мамандық иесі тек өз саласы бойынша ғана оқиды, сонымен қатар оларда география пәні ешқашан түпкілікті оқытылмайды», - дейді Талғат Жанысбай.

Бұдан бөлек, оның сөзінше, бұндай білім саласындағы ой өрісінің кемдігі тек шетел жастарына тән нәрсе емес.

«Біздің де жастар әлемдік география түгіл, жаһан жаңалықтарынан хабардар болып жатпайды. Неге десек, бұл цифрландыру деген өрістің теріс жағы. Жұртшылық қолда бар ақпарат көздерін тек жеңіл-жерпі мақсатта пайдаланады: Instagram, WhatsApp, одан кетсе шоу-бизнес жұлдыздардың өмірі туралы жаңалықтарға ғана қызығады. Одан бөлек, жастар кітап оқымайды. Бірақ салыстырмалы түрде, әрине, шетелдіктерге қарағанда біздің білімі бар жастар Африка мен Аустралияны әлем картасында оңай тауып бере алады», - деп сөзін тәмамдады Талғат Жанысбай.

Дереккөз: Ratel.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары