Осыдан бірер апта бұрын қоластындағы аудан әкімін қазақша сөйледің деп сөккен Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев бүгін халық алдында өзі есеп берді. Шаһар басшысы бұл жолы бұрынғыдай «шалақазақша» емес, екі тілде кезек-кезек сөйлеп, тұрғындар сауалына жауап берді.
Ұзаққа созылған есептік кездесудің соңында жиынға келген азаматтардың бірі әкімнен «қазақ тіліне деген көзқарасыңыз қандай?» деп сұраған болатын. Сол сәтте Сауранбаев дәл осы сұраққа арнайы дайындалып келгендей өлеңмен жауап берді. Әрине, өз өлеңі емес, Желтоқсан көтерілісінің қайраткері Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде жатып шығарған өлеңімен жауап қайтарды. Бұл аз десеңіз, артынша авар ақыны Расул Гамзатовтың «Егер менің тілім ертең жойылатын болса, мен бүгін өлуге дайынмын» деген қанатты сөзін де мысалға келтіріп, қазақ тілі үшін өлуге бар екенін айтты.
Сұрақты алдын ала дайындалған деуден аулақпыз әрине. Шымкент тұрғыны расымен де әкімінің қазақшасын тексеріп көргісі келген-ақ шығар. Өйткені, естеріңізде болса 22 қаңтарда әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдында есепті тек қазақ тілінде беріп, басы бәлеге қалған болатын. Жиынға келген тұрғындардың бірі оны «неге орысша сөйлемедің» деп жағадан алса, Сауранбаев оған «шалақазақ тілінде» ескерту жасаған еді. Артынша Шымкент әкімін түсініксіз сөйлегені үшін БАҚ өкілдері де, әлеуметтік желі қолданушылары да өткір сын астына алды.