$ 494.87  520.65  4.91

Экономист жаңа министрге: «Балалардың пособиясы мен тамағын тартып алып, енді кедейлерді салықпен қанамақсыңдар»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тағайындалғаны кеше болса да, оны қоғам белсенділері жерден алып, жерге сала бастады. Алғашында жұрт Мадина Әбілқасымованы қазақша білмейді деп айыптаған. Енді осынау саладағы жаңа реформаға қатысты халық наразылығын білдіре бастады.

Реформа деп отырғанымыз - өзін-өзі еңбекпен қамтығандарға салынатын жаңа салық. Яғни, жыртығын жамай алмай, кедейліктен сіңірі шыққан халық енді бала-шағасының аузынан жырып, бюджетке салық түсіруі тиіс.

Осы реформаға байланысты оңтүстікқазақстандық экономист Ардақ Әшім Мадина Әбілқасымоваға үндеу жолдады.

«Еш жерге тіркелмеген, өз күнін өзі әрең көріп жүрген 2-3 млн. халыққа салық төлетемін деп реформа жасағалы отыр екенсіз. Хош делік. Ал енді сол салық төлейтіндер біреуге жалдамалы болып жұмыс істеп, әрең күнін көріп жүргендер емес пе? Мысалы, базардағы арбакештер, күл-қоқыстан темір терсек теріп металлоломға өткізіп жүргендер, біреудің үйін тұрғызып беріп жүргендер және кафеде официант болып жұмыс істейтіндер немесе байлардың кірін жуып, үйін тазалап жүргендер... Айта берсем бұдан әрі жалғастырып кете беруге болады», - деп ашынды ОҚО тұрғыны өзінің Facebook-парақшасына жазған жазбасында.

Ол жұмыссыздардан салық жинағанша оларға алдымен жұмыс тауып беру керектігін айтып отыр.

«Болсада туылған балалардың айлық пособиясы мен мектеп жасындағы балалардың нанын тартып алдыңдар. Ал, енді қарапайым халық бала-шағасы түгілі өздерін әрең асырап жүргенде, "салық төлетемін" деп, не деген көреген, білімді адам едіңіз. Сіз осындай антихалықтық реформаңызбен, халықтан алған салықпен кімді байытамын деп отырсыз? Мемлекетті ме, әліде арамтамақ шенеуніктер армиясын ба? Онсыз да халықты дарынсыз билік отыз жылға жуық жұмыспен қамтамасыз ете алмай, ауыр жазалап келе жатқан жоқ па? Жұмысы бар, ертеңіне сенімді адам онсыз да салық төлейді. Сіз неге алдыңызға 2-3 млн. халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, кедейшілікпен күресемін деген мақсат қоймадыңыз?», - дейді оңтүстікқазақстандық экономист.

Ол сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың да халыққа салынған салық екенін айтып отыр.

«Жығылғанға жұдырық демекші, қазір Қазақстан халқының 80% нанымды қалай тауып жеймін және бала-шағамды қалай асыраймын деп терең күйзеліске түскен. Тіпті, көбісі 50 жасқа да жетпей, қан қысымы мен инсульттен өліп жатыр. Ал, сіз тағы да мед. сақтандыруды міндеттеп, мәжбүрлеп төлеуді алдыңызға мақсат етіп қойып отырсыз. Болса да отыз жылдан бері халықтың стресс пен ұзақ депрессиялық күйзелістен денсаулығы жоқ десек те болады. Енді сіз өз күнін әрең көріп жүрген осы халыққа салық төлетіп және мәжбүрлі мед. сақтандыруды міндеттеп ендірсеңіз халықтың жағдайы не болмақ?! Менің мамандығым - экономист. Ал, енді экономист ретіндегі менің көзқарасым, бұл нағыз - геноцид...», - сөзін аяқтады Ардақ Әшім.

Әлеуметтік желі қолданушылары болса экономисті қолдап, жан-жақтан өз пікірлерін білдіріп жатыр. Барлығы дерлік жұмыссыздарға салынғалы жатқан салыққа түбегейлі қарсы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары