$ 453.26 € 506.7 ₽ 5.58

Астана – Петропавл тасжолындағы жантүршігерлік апат: үш адам қаза тапты

Ерлі-зайыпты елордаға қызымен кездесуге келіп, кейін үйлеріне қайтып бара жатқан.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Астана – Петропавл тасжолында бірнеше көлік қатысқан ірі жол апатынан үш адам көз жұмды. Қаза тапқандардың қатарында Петропавл қаласындағы №2 емхана қызметкері Айгүл Жуандыкова мен оның жұбайы бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Qazaqstan Media басылымының жазуынша, қайғылы оқиға 1 қараша күні кешкі уақытта Макинск қаласынан шыға берісте болған. Ерлі-зайыпты елордаға қызымен кездесуге келіп, кейін үйлеріне қайтып бара жатқан.

№2 емхана ұжымы өз қызметкері Айгүл Амангелдіқызының қайтыс болғанын растады. Ол медициналық мекемеде химияландырушы қызметін атқарған.

Әріптестері марқұмды ақжарқын, мейірімді, айналасына қамқорлық танытатын және өз ісін жетік білетін маман ретінде еске алды.

«Айгүл Амангелдіқызының өмірден өтуі – бүкіл ұжымымыз үшін орны толмас қаза. Біз оны әрдайым мейірімді, жанашыр адам ретінде есте сақтаймыз. Осындай қайғылы сәтте марқұмның туған-туыстарына, жақындарына, сондай-ақ Айгүл Амангелдіқызы мен оның жұбайын таныған, жақсы көрген барша жанға шын жүректен көңіл айтамыз», – делінген емхана хабарламасында.

Алдын ала деректерге сәйкес, жол-көлік оқиғасы Toyota Camry көлігінің жол қоршауына соғылуынан басталған. Рөлде қыз бала болған. Кейін тоқтап тұрған осы көлікке Kia Rio соқтығысқан. Оны да әйел адам басқарған. Одан соң апатқа Chevrolet Cobalt көлігі араласқан.

Алайда оқиғаның ең ауыр салдары кейін болған. Toyota Camry көлігінен түсіп, жол үстінде тұрған жүргізуші мен жолаушыны жоғары жылдамдықпен келе жатқан Geely көлігі қағып кеткен. Екі әйел де алған ауыр жарақаттарынан жедел жәрдем жеткенге дейін оқиға орнында жан тапсырған.

Апат салдарынан тағы бес адам түрлі дене жарақатымен Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейін олардың бірі – басынан ауыр жарақат алған ер адам жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жол апатының себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0