01.03.2018, 11:10

Сенат депутаты: «Латын әліпбиін тек қазақтілділерге емес, жаппай енгізу керек»

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы бүкіл балабақшаның оқу-тәрбие жұмысын латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізуді ұсынды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бүгін сенат отырысында бір топ депутат премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары латын әліпбиі тек қазақ тілді мектептерде қолданылса, онда ұлттың тұтастығы мен бірлігін бұзуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. 

"Күні кеше Елбасы ендігі арада парламент те, үкімет те өз жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуі жөнінде орынды нұсқау берді. Бұл біздің қоғамның көптен бері күтіп жүрген зәрулі бір мәселесі болатын. Өйткені мемлекеттік тілде сөйлеу және оны дамыту барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті деп білеміз. Қазір қоғамды тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Ол латын әліпбиі тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданылатын болса, күні ертең әр ата-ана балаларын өздері білетін тілдегі, яғни кирилица графикасымен орыс тілінде жұмыс істеп тұрған мектептерге беретіні қазірдің өзінде белгілі. Түптің түбінде, бұл қоғамды біреулері латын әліпбиін меңгерген, ал екінші топты латын қарпін білмейтін, тек кириллицамен ғана жұмыс істейтін топтарға бөліп жібере ме деген мәселе алаңдатады. Бұл тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғатыны сезіледі", — деді сенатор. 

Осыған орай депутат барлық балабақшада қазақ тілін латын әліпбиі бойынша оқытуды ұсынды.  

"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, қалыптасып отырған осы бір жағдайға байланысты латын әліпбиін, сол арқылы мемлекеттік тілді Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт өкілі білуі керек деп санаймыз. Бұл маңызды мәселені еліміздегі барлық диаспораның санасына осы бастан сіңіретіндей түсінік жұмыстары жүргізілуі керек. Өйткені болашақта латын әліпбиімен жұмыс істейтін тіл – қазақ тілі. Ал мемлекеттік тіл – барлық қазақстандыққа ортақ тіл. Осыған орай жалпы Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, яғни бүкіл балабақшада ендігі арада оқу-тәрбие жұмысының бәрін тек латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізуді ойластыруды және балабақшаларда латын әліпбиін қазірден бастап оқытуды қажет деп санаймыз", — деген ол үкіметтен аталған мәселеге қатысты кешенді іс-шара жасауын сұрады.