Қостанай облысындағы Затобол елдімекеніне «қала» статусы беріліп, атауы өзгеретін болды. Жергілікті билік өкілдері жаңа қаланы Тобыл деп атамақшы. Бұл туралы Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Болат Бекенов Қазақпаратқа айтып берді.
Аталған шешімді 18 наурыз күні жергілікті қауымдастық бекітуі тиіс.
Бекеновтің айтуынша, елдімекеннің атауын қазақшалауды жергілікті тұрғындардың өздері ұсыныпты. Затобол кентінің тұрғындары аудан әкімі аппаратына хат жазып, елдімекенге жаңа статус және жаңа атау беруін сұраған екен.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, биыл 18 наурыз күні жергілікті қауымдастықтың жиыны өтеді. Сол жиында елдімекеннің атауын өзгерту мәселесі қаралып, нақты шешім қабылданатын болады. Жаңа қалаға Тобыл атау беру ұсынылуда», — деді аудан әкімінің орынбасары.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Қостанай облысындағы Глазунов ауылының аты Айсары деп өзгертілген болатын. Сонымен қатар, тағы 4 көшеге қазақша атау берілді.