10.03.2018, 06:53

Қуандық Шамахайұлы: «Дана Нұржігіт журналист емес, ол - жай ғана диктор»

Танымал журналист, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттану саласының доценті Қуандық Шамахайұлы тележүргізушілерді, яғни дикторларды журналистермен шатастырмауды сұрап отыр. Экран бетіне шығып, дайын мәтінді оқып беретіндердің бәрі журналист емес деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Қ.Шамахайұлының бұлай деуіне БАҚ беттерінде тележүргізуші Дана Нұржігіт туралы жарияланған мақалалар себеп болған. Ақпараттық агенттіктер оны «танымал журналист» деп көрсетіпті.

«Дана Нұржігіт - журналист емес. Ол бар болғаны тележүргізуші ғана. CNN-де қырық жылдай тележүргізуші болған әлемге танымал Ларри Кингтің өзі "журналист емеспін, жай адаммын" деп үнемі ескертіп жүреді. Оның қасында басқалар кім, соншама? Сондықтан, журналист-редактордың жазып берген дайын мәтінін оқып қана экран алдында сарнап отыратындардың бәрі өздерін журналистер санатына жатқызбасын», - дейді журналист.

Айта кетейік, Дана Нұржігіт журналист Асхат Садырбайдың «Үлкендердің әңгімесі» атты жобасында қонақта болып, қоғамдағы құндылықтардың жоғалып бара жатқанын, атышулы блогер Айжан Байзақова туралы және қазіргі әйелдердің өздерін тауар ретінде санайтынын айтқан болатын. Қуандық Шамахайұлы болса әр адамның аузынан шыққан сөзі сол адамның деңгейін көрсетеді дейді.

«Сұхбатта кім не айтса ол сол адамның деңгейін көрсетеді. Осы себептен журналистикаға қатысы жоқ, тек солардың арқасында эфирге шығып, елге танымал болғандар үшін кәсіби мамандарға көлеңке түсіруге болмайды. Жүргізушілердің танымал болуына жағдай жасап отырған қыруар еңбек иелері журналистер кадрдан тыс жерде тер төгіп отырғанын ұмытпаңыздар», - деп сөзін түйді ол.