04.11.2026, 20:00

Жаңа онкологиялық корпус, емхана және аурухананы жаңғырту: Ұлытау облысында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Жоба Beeline компаниясының қолдауымен Zhyly Zhurek Foundation қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Ұлытау облысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Бүгін Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың жұмыс сапары барысында облыстық көпбейінді аурухананың болашақ онкологиялық корпусының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен Денсаулық сақтау министрі қатысты. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Жаңа онкологиялық корпус 100 төсек-орынға есептелген. Сонымен қатар жоба аясында ауысымына 250 пациентті қабылдай алатын клиникалық-диагностикалық орталық салу көзделген. Ғимаратта онкохирургия, химиотерапия, сәулелік терапия, гинекология және паллиативтік көмек бөлімшелері орналасады. Медициналық мекеме заманауи жабдықтармен, соның ішінде сәулелік терапия жүргізуге арналған желілік үдеткішпен қамтамасыз етіледі.

Жобаны іске асыру өңірлік онкологиялық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтіп, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыс тұрғындары қажетті диагностика мен емді басқа қалаларға бармай-ақ, өз өңірінде ала алады. Жұмыс сапары барысында Ақмарал Әлназарова мен Есет Байкен Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға да барды. Қазіргі уақытта мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар жұмыстардың барысымен танысып, медициналық мекемені жаңғырту және пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ делегация Жезқазған қаласында салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс алаңына барды. Емхана бір ауысымда 250 келушіні қабылдауға есептелген. Нысанды аралау барысында құрылыс қарқынына, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге және оны пайдалануға беруге дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Үш қабатты емхана ғимаратында консультативтік-диагностикалық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана, сәулелік диагностика және амбулаториялық хирургия бөлімшелері, сондай-ақ әйелдер консультациясы орналасады. Ғимараттың жанынан тоғыз бригадаға арналған жедел медициналық жәрдем станциясын салу жоспарланған.

Жоба Beeline компаниясының қолдауымен Zhyly Zhurek Foundation қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылуда. Жаңа емхананың ашылуы амбулаториялық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтіп, қала тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Медициналық инфрақұрылымды дамыту Ұлытау облысы әкімдігінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жаңа нысандар салу, қолданыстағы медициналық мекемелерді жаңарту және білікті мамандар даярлау өңір тұрғындарының уақтылы әрі сапалы медициналық көмек алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», – деп атап өтті Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Нысанбаев.

Тегтер: Ұлытау