13.03.2018, 03:16

Хиджаб дауы Павлодарға да жетті

Павлодарда № 29 мектептің 2-сынып оқушысы Халида Әубәкірованы мектепке басына ақ түсті орамал тартып барғаны үшін сабаққа кіргізбей қойды деп жазады Азаттық. Оқушының әкесі Ерқанат Әубәкіров прокуратураға шағымданып, қызының білім алуына "зайырлы ақ түсті орамал тартқаны үшін" кедергі келтірмеуді сұрады.

Әубәкіровтің айтуынша, қызын орамал тартқаны үшін 9 наурыз күні де сабаққа кіргізбей қойған. Мұның алдында қызы сабаққа орамалмен барып жүрген. "Қазақстандық мәдениетпен тәрбиеленген қызым өз ынтасымен кәдімгі жұқа ақ түсті орамал тартады. Бұған байланысты кез-келген өсек-аяң, кемсіту оның жан-дүнмесіне кері әсер етіп, психологиялық соққы болып тиеді" делінген Ерқанат Әубәкіровтің прокуратураға жазған шағымында.

№ 29 мектеп директоры Владислав Еленич оқушының сабаққа кіргізілмегенін растады. Ол оқушы мектеп формасына қойылатын талапты бұзғандықтан кіргізілмегенін айтты. Еленич мектепте бір ғана қыз орамал тартатынын және оның ата-анасына мектепте орамал тартуға болмайтыны туралы бірнеше рет ескертілгенін айтады.

- Олардың мектепке орамал тағып келуіне байланысты білім саласындағы қадағалау департаментімен сөйлестік. Ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылып, ескерту жасалды, оларды кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссияға шақырдық. Бірақ ол отбасы оған қыңқ демейді және балаларын өз қалауы бойынша киіндіруге құқығымыз бар деп ойлайды, - деді Владислав Еленич.

Директор сонымен қатар ата-ананың білім және ғылым министрінің мектеп формасына қойылатын талап туралы 2016 жылы 26 қаңтарда шығарған № 26 бұйрығын бұзып отырғанын да айтады.

Тоғыз жастағы Халида Әубәкірова бірінші сыныптан бері орамал тағады. Әкесінің айтуынша, отбасында әйелі мен қыздары түгел орамал тартады.

Мектепте орамал тартуға қатысты дау биыл Қазақстаннның бірнеше өңірінде туындаған. Кейбір облыстарда орамал тартатын оқушыларды сабаққа кіргізбей қою оқиғалары да кездескен. Ондаған оқушының ата-анасы орамал тартатын балаларының мектепке кіргізілмеуіне қатысты сотқа шағмданған. Бірақ сот білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.