Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Қазақстан мен Жапония арасындағы тікелей әуе қатынасы ұзақ үзілістен кейін қайта жанданады. 2026 жылғы 30 қарашадан бастап Air Astana Алматы – Токио бағыты бойынша аптасына екі рет тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Тікелей әуе қатынасын қайта іске қосу мәселесі ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында талқыланды. Осыған орай Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі өкілдері кездесу өткізді.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан мен Жапония арасындағы әуе қатынасын кеңейту перспективаларын қарастырды.
Талғат Ластаевтың айтуынша, тікелей рейстердің қайта ашылуы екі ел арасындағы көлік байланысын нығайтып қана қоймай, іскерлік, туристік, инвестициялық және гуманитарлық қарым-қатынастардың дамуына да ықпал етеді.
Air Astana Алматы – Токио (Нарита әуежайы) бағыты бойынша рейстерді аптасына екі рет орындамақ. Әуе билеттерінің сатылымы 2026 жылғы 2 қазаннан басталған.
Ұшулар Airbus A321LR ұшақтарымен жүзеге асырылады. Әуе компаниясының кестесіне сәйкес, Алматыдан Токиоға дейінгі жол шамамен 7 сағат 30 минутқа созылады. Ал кері бағыттағы ұшу уақыты – 9 сағат 25 минут.
Министрлік тікелей рейстердің іске қосылуы екі ел арасындағы әуе тасымалының қолжетімділігін арттырып, туристік және іскерлік сапарларға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл бастама Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды авиациялық және транзиттік хаб ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған.
Кездесу барысында Қазақстан тарапы әуе қатынасын одан әрі кеңейтуге және екі елдің ұлттық әуе тасымалдаушылары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Тараптар ИКАО аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін де талқылады. Талғат Ластаев жапон өкілі Тосиюки Онуманың ИКАО Кеңесінің президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл – ұйым тарихында Азия-Тынық мұхиты өңірі өкілінің аталған қызметке алғаш рет келуі.
Вице-министр Қазақстан мен Жапонияның авиациялық ведомстволары арасындағы диалогты жалғастыру және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті.