$ 443.85  474.3  4.8

РЫСБЕК, РОЗА ЖӘНЕ БІР ТҮСІНДІРУІ КЕМ АБДУЛЛИН

Бір адамдар болады, сенімен мүлде араласы жоқ, саған қылаудай да зияны тимеген, сөйте тұра әлгіні суқаның сүймейді-ақ. Не үшін суқаның сүймейді, оны өзің де білмейсің. Әйтеуір жаратпайсың.

Тағы бір адамдар болады, саған ешқандай жақсылығы болмаса да соның сыртынан тілеулес болып жүресің. Құдайдан соның жаман қылығын көрсетпе деп тілейсің. Тіпті жолына құрбан болғың келетін сәттер де болады.

Нұрлан Абдуллин деген әнші жігіт бар. Бәлкім, өмірде өте тамаша жан шығар, бірақ, сол жігітті Құданың құдіреті, өзімнен өзім жаратпаймын. Әрине, ол мені тану былай тұрсын, өмірде мендей адам барын білмейді де. Демек, «керек еді, сенің жақтырғаның...» деп жатса Нұрландікі уәж болып шығады.

Нұрланды не үшін жақтырмаймын? Білмеймін. Білетінім, «Бешбармақ-шоу» дейтін бағдарламадан кейін бұрынғы жақтырмағаным жақтырмаған ба, Нұрланды қолыма түскен нәрсемен жіберіп ұрғым келетін болған. Ол үшін Нұрланжан, мені кешірерсің. Қолға түскен нәрсемен жіберіп ұру да бер жағы, осы «Бешбармақ-шоудан» кейін етті де «бешбармақ» болғандығы үшін жек көре бастағандаймын. Қонаққа барғанда зәуіде алдымызға бас тартыла қалса «осы бас Нұрлан Абдуллиннің өзінің құйқасы мол басы емес пе екен?» деп бір түрлі тіксініп қалатын болдық. Әйтеуір Нұрлан Абдуллин деген ныспы бүгінде «бешбармақ» деген сөздің синониміндей болып естіліп тұр.

Иә, Абдуллинде алты аласы, бес бересіміз жоқ. Турасында біз Абдуллинді жек көрмейміз, біз киелі асымыздан қасиет қашырып жібергендерге ренжиміз. Басқа ұлттардың «бешбармақ» деп жүргенін де мақұл дей қояйық, «Ауылым» деп ән шырқап жүрген Нұрландарға не жорық?!

«Ән шырқап» демекші, бүгінде қазақтың «игі жақсылары» осы «діңгіл-діңгіл-діңгіл-ай» деп жүрген әншілер, одан қалса дикторлар болды. О баста әнші біткеннің бәрі сүйкімді еді. Жоғарыда айтқанымыздай, сыртынан тілеулес болып жүретінбіз. Тіпті жолына құрбан болғымыз келетін. Олар бізді танымаса да.

Осы орайда бір әңгіме еске түседі. Ұзақ жылдар бойы Қарағанды жоғары милиция мектебінде ұстаздық еткен, бүгінде зейнеткер Рысбек Оймауытов әскери борышын 1976-1978 жылдары Мәскеу түбінде атқарған. «Осынау бөлімге түскеніме бір жыл да болмаған. Бүкіл әскери бөлімде менен өзге қазақ жоқ еді. Ал, дәл сол жылдары бүкіл одақ көлемінде Роза Рымбаевадан артық «жұлдыз» жоқ болатын. Іштей мақтан тұтатынмын. Жексенбі күндерінің бірінде «Ленинская комнатада» теледидар тамашалап отырғанбыз. Бір кезде экранда Розаның бейнесі жарқ ете қалмасы бар ма?! Жүрегім жарылып кете жаздады! Бәрін өзіміздің ортаазиялық бір жігіт құртты. Ол өзінің жерлестерімен бірге отырған. Біліп тұрсыз ғой, Розаға қаратып өте жаман сөз айтты. Әлгі сөз тура өзімнің қарындасыма, не әпкеме айтылғандай болды. Сонысы есімде, одан арғысын білмеймін. Жалғыз екенмін дегенім жоқ, ананы шықшыттан бір пердім. Олар да қарап қалмады, жабылып кетті. Бұл оқиға әскери бөлімде үлкен «ЧП» ретінде тіркелді. Тергеу басталды. Төбелесті мен бастаған болып шықтым. «Пәленшеевті не үшін ұрдың?» дейді. «Ол Рымбаеваға тіл тигізді, сол үшін ұрдым» деймін. Алайда, менің уәжім уәж болып есептелмеді. Мен жазаландым, гауптвахтаға жатып шықтым. Бірақ, ол ісіме түк те өкінген жоқпын. Намысты қолдан бермегеніме қуандым. Бірнеше күннен кейін жазамды өтеп, өз ротама оралдым. Қап тауының жігіттері өздерінің ризашылықтарын арқамнан салып қап білдіріп жатыр. «Мужчина!» деп қолымды қысып қояды. Мен кеткен соң біздің Розаға тілі тиген әлгінің жазасын сол жігіттер беріпті. Жазасын бергенде старшинамен келісіп, бірнеше күн бойы «нарядқа» қойған. Старшина да дағыстандық жігіт еді» дейді Рысбек.

Сүйкімділік дегеннің қандай болатынын көрдіңіз ғой. Айдалада, Мәскеуде қазақтың Розасының намысы үшін Рысбек деген түркістандық қазақ гауптвахтада жатыр. Және Роза Рымбаева өмірде Рысбек дейтін жігіттің бар екенінен тіптен бейхабар. Жетпісінші жылдарды да былай қоя беріңіз, Роза Рысбекті қазір де танымайды. Оның өзі үшін азап шеккенін айтсақ иланар ма екен, иланбас па екен?

Сөйткен Розамыз ғой, кеше «Беш» деп ән шырқап, бүкіл қаны қазақ, жаны қазақтардың өкпесіне қалып жүрген... Әсіресе менің Рысбек досым қатты ренжулі. «Абдуллиндікі мақұл, ол «Бешбармақ-шоу» арқылы белгілі бекбике болған, Розаға не жорық?!» дейді түкірігіне шашалып.

Өмір бойы Розаға тілеулес болып жүрген біздің Рысбекті де түсінуге болады. Бірақ, Рысбектің жанын Роза түсінер ме екен?! Нұрлан Абдуллинді де қоя беріңізші, өзіміздің жігіт қой, жақсылап түсіндіріп айтса қайда барады, түсінеді деп сенеміз. Оған тек бір түсіндіру кем боп тұр ғой...

А. БЕКНАЗАРҰЛЫ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары