$ 446.49  475.38  4.79

ҚҰДИЯРОВАҒА ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРІ НЕГЕ ЖАҚПАЙДЫ?

Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деді ме екен, Анна Құдиярова дейтін психолог апайымыз қазіргі отбасылардағы ажырасудың себебін қазақтың сөз мәйегі – мақалынан іздепті. «Іздепті» дегеніміз бер жағы, қазіргі ажырасулардың басты себебі қазақтың нақыл сөздерінен депті бір сөзінде.

«Нұр.kz» порталы жариялағандай, Анна ханымның ойынша қазіргі отбасыларды ойрандап отырған қазақтың аңыз әңгімелері мен мақал-мәтелдері екен. Құдды бір бабаларымыз «қатынды қайтесің, қаңғыртып кет» деп өсиет қалдырғандай ыршынады апайымыз. Онысына мысал ретінде мына әңгімені айтады. Аңызға сай, ертеректе бір әйел жоңғарлардан қашып келе жатқанда қиын жағдайға түседі. Астындағы жалғыз атқа мінгестіру үшін күйеуі, баласы және бауырының бірін таңдауы тиіс болады. Сөйтіп, «күйеуді жолдан табармын, баланы сосын туармын» деп өзімен бірге бауырын алып кетеді. Бұл – бір. Оның үстіне, «қатын жолда, бала белде» дейтін сөздің бұрыннан айтылып келе жатқаны да рас. Не керек, сөздің тоқетері бәленің бәрі осы халық дәстүрінде дегенге келтіреді ғой психолог апайымыз.

Бір адам екінші адамның пікіріне қарсы шықса, бұл қазіргі қоғамның нағыз көрінісі дер едік. Яғни, азаматтық қоғам болған жерде бір-бірінің дұрыс-бұрыстығын дәлелдеу үшін айтыс-тартыстың көп болатыны түсінікті. Бірақ, бүтіндей бір халықтың таным-түсінігіне қарсы шығып, оны айыптау дегенді қай түсінікке сидырамыз?

Иә, қазіргідей адами құндылықтар азайып бара жатқан қоғамда бүтін бір отбасының оңай ажырасып кетуіне «барлық жағдай» жасалған. Демократиядан бастап, қоғамдағы «әйел теңдігі» деген ұғымдардың өзі-ақ жетіп жатыр. Кенеуі кеткен тіршілік кебі талайға кесірін тигізіп жатқаны және бар. Алайда, бұларды назарға алмай, Анна ханымның халықтың дәстүріне тіл тигізуін қалай түсінерімізді білмей далмыз. Тап отбасы құндылығына келгенде де өнеге сөзін аяп қалмаған бір халық болса, осы қазақ еді. «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» деген қазақ «Анасын көрiп қызын ал, аяғын көрiп асын iш» деп болашақ жар таңдауға үлкен кеңес қылмайтын ба еді?!

Әсіресе, отбасы құндылығына келгенде сөз құдіретін барынша пайдалана білген халқымыз аталы сөзді небір үлгілерін қалдырды. «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Ерлi-қатын ұрысар да, керiсер, керiсер де келiсер», «Ерлi-қатын тату болса, шырағы жанар, ерлi-қатын араз болса, өмiрден көңлi қалар», «Өз жарыңды жаттай күт, жат көрсiн де түңiлсiн. Бiр бiрiңдi қадiр тұт, жұрт үлгi алсын, үңiлсiн»... Айта берсек жетіп артылады. Алайда, Анна ханымның бар білері бағаны айтқан «қатын жолда, бала белденің» айналасы ғана ма деп қалдық. Әйтпесе, дәл осы отбасы құндылығына байланысты тәрбиелі сөздің нешеме үлгісі бала күнімізден миымызда жатталып келе жатқан жоқ па еді?!

«Бояғыш, бояғыш» деген сайын сақалын бояпты ғой біреу. Жә, біреу осылай айтты екен деп тауымыз шағылып қалмас. Алайда, елдің алдында танылып жүрген аға-апайларымыздың көнеден келе жатқан дәстүр-құндылықтарымызды сынай сөйлеуі көңілге қаяу түсірмей қоймайды. «Ит үреді, керуен көшеді...» дей салайын десек, басқа басқа емес, жұрт білетін кәдімгі Анна Құдиярова. Алайда:

...Тап қылмағай басыңа,
Әйелдің жаман сұйығын.
Істесе ісі жөнделмей,
Кейде тартарсың азап, күйігін, – деп өсиет қалдырып кеткен бүгінгі Анна Құдияровалардан емес, бұрынғы өткен бабалар. Ал, бабаларының бұндай сөздерін естімей қалса оған айыпты біз емес, айып Анна апайымыздың өзінде.

Ербол ТҰРЫМБЕТ,
«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары