30.06.2014, 00:00

Біреуден көшіргенді қашан қоямыз?!

Cурет: kaztube.kz

Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының сапасы сын көтермейді. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында, сессияны қорытындылап баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

– Заң шығару қызметі саласында бүгінге дейін бірқатар қордаланған проблемалар әлі де баршылық. Біріншіден, бұл жыл сайын байқалып отырған Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларының тиісті деңгейдегі сапасының болмауы. Өткен кезеңдермен салыстырғанда сапа біршама жақсарған, алайда жетілдіру көкжиегін әлі де байқай алмай отырмыз, – деді сессияны қорытындылаған Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов.

Оның айтуынша, Парламенттің бесінші шақырылымының жұмысы барысында Үкіметтен Мәжіліске 267 заң жобасы енгізілген. Олардың 43-і заң жобаларына қатысты талаптардың орындалмауына орай, кері қайтарылды. Үшінші сессия барысында Үкімет енгізген 114 заң жобасының 38 пайызы ғана талаптарға толық сай келген.

– Мұндағы айқын проблемалардың бірі ведомствоаралық келісімнің болмауында. Профильді мемлекеттік органдармен әзірленген заң жобалары басқа ведомстволармен немқұрайлы, атүсті келісіле салады. Мәжілістегі жұмыс топтарының аясында ғана нақты жағдайға тиянақты сараптамалар жасалып, қандай да бір норманы қабылдаудың салдарына баға берілуде. Соның нәтижесінде құжат 70-80 пайызға дейін, жекелеген жағдайларда тұтастай қайта жазылып жүр. Мысалы, «Дербес деректер туралы», «Ішкі істер органдары туралы», «Қаржы пирамидалар қызметіне қарсы іс-әрекеттер туралы» заң жобалары тура солай жасалған. Ал «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасын депутаттар тұтастай қайта жазып шықты. Бұған қоса, депутаттар құжаттың ілеспе заң жобасына су бөгеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді реттейтін бапты тұтас енгізді, – деді спикер Қ. Жақыпов.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Үкімет тарапынан заң жобаларын әзірлеушілер өзіміздің ұлттық заңнаманы ескермей, шетелдік үлгілерді толық көшіре салатынын да сынға алды. Оның сөзіне қарағанда, «Дербес деректер туралы» заң жобасының көптеген нормалары ТМД-дағы бір елдің заң нормаларын толығымен қайталап шыққан.

– Ал осының өзі біздің ұлттық заңнамамызға, оның ішінде Қазақстанның 7 кодексі мен 27 заңына қайшы келген. Нәтижесінде депутаттарға заң жобасын толықтай қайта дайындауға тура келді, – деді спикер.

«Қазақпарат».