$ 444.22  476.38  4.82

Ел деген ерсіз бе, оңтүстік сізді төбеге көтереді

Осы кейбір жұрт «Оңтүстіктің халқына ешкім жақпайды» деп жатады. «ДТ», ҚТ» болып бөлінеді» деп сөгетіндер ғой, тіпті көп. Сол әңгімені айтып жүргендердің басым көпшілігі өздерінің не айтып жүргендерін Құдай біледі деп айтайық, өздері де дұрыстап біле бермейді. Әсілі, Оңтүстіктің халқындай дарқан пейіл, досқа құшағы оттан да ыстық жұртты табу қиын. Ел деген азаматты төбесіне көтере білуді осы түстік жұртынан үйренудің еш артықшылығы жоқ. Тек бұл елге ісіңіз жақсын!

Оңтүстік Оңтүстік болғалы оны бақ көтерген талай жан басқарды. Оңтүстік жұртының басшыға деген құрметі ерекше. Олар бақ көтергенді тақ көтереді деп есептейді. «Жігіттің өзімен талассаң талас, бағымен таласпа» деп қоятыны тағы бар. Осының бәрі бір нәрсе білгендік қой. «Шымкентке бастық боп барсам жұмысты қиратып тастар едім» деп асылық ойламаңыз. Шымкентке келіп ештеңе қиратпай-ақ қойыңыз, жұмыс істеп жатқандарға бөгет жасамасаңыз болғаны, шаруаңыз өзінен өзі дөңгелеп жүре береді.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? «Оңтүстіктің жұртына ешкім жақпайды» деген әңгіменің шылғи өтірік екендігін дәлелдеу үшін айтып отырмыз. Арғы тарихқа бармай-ақ қоялық, тәуелсіздіктен бергі жылдарда әкім болғандардың ішінен Бердібек Сапарбаев пен Өмірзақ Шөкеев десе бұл елдің шығарда жаны бөлек. Қалғандарына «әйтеуір аман болыңдар» деген де қойған. Кешегі кеткен Асқар Мырзахметовтің шынайы бағасын әрине, алдағы күндері естірміз. Дегенмен, Оңтүстіктің ғана емес, бүкіл қазақ жұртының қабырғалы ақыны Әселхан Қалыбекова апамыз Асқар әкімге деген жүрекжарды лебізін ақ қағазға төгіп салыпты. Жалпы, бүгінгі заманда келген әкімге жыр арнау бар, кеткен әкімге... Демек, Асқар әкімнің де елге жаққан бір тірлігі болып тұр ғой.

Енді біз осымен тоқтайық, өлеңнің өзі сөйлесін.

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,

халық ақыны.

Асқарға ақ жол!

Ақ жол бауырым Асқаржан

Оңтүстіктегі еліңді,

Алты жарым жыл басқарған,

Ізгілігіңнен жаңылмай,

Байрағын тікті басты арман.

Өзің ерткен ерлердің,

Еңбегімен Шымқала

Алтынменен апталған,

Күміспенен күптелген,

Көшелері көз тартып,

Көк балауса түптелген.

Кеңселері келісті,

Еңселері тіктелген.

Қылауы жоқ тірліктің

Көш бастарға жүктелген.

 

Асқар әкім атандың,

Ақсақалдардан бата алдың.

Тал қармаған тіліңді,

Тікен басқан дініңді

Көш бойы алға апардың

Дәстүріңді жаңартып,

«Ескі мінді» қопардың.

Ұранды да жаттадың,

Құранды да жаттадың

Бұйрығына даяр боп,

Президент пен Отанның.

Сегіз қырлы сарбазым,

Сүйсіне айтар мақтаным,

Алашты бағар апталым.

 

Жақсылардың жалғасы,

Ақ бұлақтың арнасы.

Азаматтығың екшеліп,

Адалдығыңды ескеріп,

Жанына алды Елбасы.

Нұр Отанның билігі,

Ұлы Отанның олжасы.

Төменге тарлық қылмасын,

Тәуелсіз елдің төрбасы.

Ақ жол саған Асқаржан,

Айқара құшақ ашып тұр,

Алаштың асқақ ордасы.

                                  Әселхан апаң.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары