«Еліміздің басты капиталы – білімді жастар» деген болатын Елбасы.
Білім мен ғылымның арқасында адамзат баласы өркендеп-өсіп, алға қарай жылжып келеді. Сол бойынша өркениет дамып, уақыт өте заманға сай жаңашылдық бой көтеруде. Бұл ретте елді дамыту барысында Президент Н.Назарбаевтың ұстанған сара саясаты зор серпін беретіні тағы бар. Айтар болсақ, жақында ғана 5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамды» айқындап берген Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ендігі кезекте белсене іске кірісу қажет. Осылай, дәстүрлі отырыстың келесі кезегі білім ошақтарындағы қолға алынып отырған түрлі шаралар мен міндеттер жөнінде талқылауға келді. БАҚ өкілдерімен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми-тексеріс жұмысы бойынша ректорының орынбасары Абзал Талтенов пен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Уәлихан Әбдібеков Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Онда кадрларды даярлау мәселесі кеңінен талқыланып, бірқатар ақпараттар таныстырылды. Елбасының тапсырмасына орай, бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында бірқатар бағдарламалар жаңартылып, олар өзгерді, дейді бұл ретте У.Әбдібеков. Сонымен қатар, ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жоғары білім беру саласында Мемлекет басшысының реформаларын іске асыруға белсенді қатысатындығын жеткізді. Осы орайда 78-қадамда белгіленген «Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін деңгей бойынша кеңейту. Жеке ЖОО халықаралық іс-тәжірибеге сәйкес коммерциялық емес ұйымдарға ауыстыру» бойынша ХҚТУ-де 10 мүшеден тұратын Үкіметаралық өкілетті кеңес құрылғандығын хабарлады. Оның айтуы бойынша, академиялық дербестігін кеңейту барысында үстіміздегі жылы сәуір айында факультеттердің барлық декандары Түркияның жетекші ЖОО-серіктестерімен ынтымақтастық келісімшартына отыру үшін шетелге қызметтік іссапарға жіберілген. Және олар Англияның жетекші ЖОО-да екі апталық біліктілігін көтеру курсынан өткен. Сондай-ақ, 79-қадамдағы білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесіне орай, аталған университет жыл сайын ҰБТ, КТ қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған, алайда Foundation дайындық курстарын оқу үшін мемлекеттен грант алмаған 500 абитуриентті қабылдайтындығын атап өтті. Келесі кезекте сөз алған Абзал Талтеновтің айтуынша, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ екі мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Оның бірі «Құрылыс материалдарын, өнімдерін және құрылғыларын шығару» бойынша болса, екіншісі «Ғарыштық техника және технология» мамандығы екен. Сондай-ақ, ол магистратураның бірінші мамандығындағы оқу бағдарламасы бойынша университет пен экономиканың шынайы секторлары өндіріс және кәсіпорындар арасында тығыз қарым-қатынас орнатылғандығын тілге тиек етті. Шетелдік ЖОО-серіктес ретінде магистратураның екінші бағдарламасымен Берлин техникалық университеті (Германия) анықталған болса, ал бағдарламаны іске асыруда негізгі кәсіпкер-серіктес «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ, «Сарышаған» шағын ракеталы-ғарыштық полигоны, «Байқоңыр» ғарыш алаңы және «Петропавл ауыр машина өңдеу зауыты» АҚ болып табылатындығы аталып өтілді. Бұл ретте ескерер жәйт, түлектерді әрі қарай жұмысқа орналастыруға осы кәсіпорындармен келісімшарт жасалған.