Балалар үйінен қалай сәби асырап алуға болады? Осыған қатысты Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі Facebook желісінде бала асырап алу жөнінде толық нұсқаулық жариялады.
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар жайлы мәліметтер сақталатын база 2016 жылдан бастап ашық. Осының арқасында көп бала жаңа отбасы тапты. Бұл база жұмысы жайлы толығырақ білу үшін Бала құқын қорғау комитетіне хабарласа аласыз. Тел: 8 (7172) 74 23 41, 74 21 54.
Бұл қадамға бармас бұрын ересектер «асырап алған балаға туғанындай бола алам ба?» деген сұраққа іштей жауап беруі керек. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін қадам екені айтпаса да түсінікті. Баланы алып, керексіз заттай қылып қайтара салуға болмайды. Бұл - сәбидің жүрегін мәңгіге жаралап, адамдарға деген сенімнен айырады. Біз алдымен бала асырап алуға қолдау көрсету орталығына хабарласуды ұсынамыз. Ол жерге хабарласқандар өзін толғандырған барлық сауалдарына жауап ала алады.
АСЫРАП АЛУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ (елдегі call-орталық 1422)
Бала асырап алуға қолдау көрсететін «Жанұя» орталығын januia.kz 2016 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры ҚРБжҒМ Бала құқын қорғау комитетінің қолдауымен ашқан. Орталықтың Қазақстанның 17 қаласында филиалы бар. Бала асырап алу, тәрбиелеу жайлы сұрақтарға жауап беру үшін арнайы психологтар мен мамандар жұмыс істейтін 1422 нөмірлі колл-орталық жұмыс істейді. Асырап алған баламен тіл табысу қиындап кеткен жағдайда ата–аналар осы орталыққа хабарласып, психологиялық және моральдық көмек алады.
Асырап алу — бала өміріндегі өте маңызды кезең. Бұл ата-ана үшін де солай. Баланы отбасына алып келмес бұрын олар алдымен танысып, бір-бірінің сырына қанық болғаны дұрыс. Мұндай таныстық мерзімі екі аптаға дейін созылуы мүмкін.
ҚҰЖАТТАР МЕН АНЫҚТАМАЛАР
Бала асырап алуға қажет құжаттар тізімі:
- жеке бас куәлігінің көшірмелері;
- жақын туыстарының еркін формада жазған рұқсаты (ата-аналар, бауырлары);
- бала асырап алу және тұрғын-жайын тексеріп, зерттеуге келісім беру туралы өтінім;
- кіріс туралы анықтама;
- отбасы жағдайы туралы анықтама (отбасылыларға — неке куәлігінің көшірмесі, бойдақтарға — некеге тұрмағаны туралы нотариус растаған анықтама);
- тұрғын жай өзінікі екенін растайтын (сату-сатып алу шарты) және тұрғын үйді пайдалануға рұқсат беретін (жалға алу шарты) құжат көшірмесі;
- сотталмағаны туралы анықтама (аудандық ХҚКО 10 күн ішінде береді), 10 күнге жарамды;
- асырап алушылардың денсаулық жағдайы туралы анықтама, оның ішінде психикасы дұрыс, есірткіге, алкогольге тәуелді емес екенін растайтын құжат.
Құжаттар толық жиналған соң асырап алу ісі 2 ай уақытты алады. Қамқоршы орган 10 күн ішінде тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайын тексеріп, акт жасалып 5 күн ішінде асырап алу/алмау жөнінде шешім шығады.
АСЫРАП АЛУШЫ АТА-АНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ
Бейүкіметтік ұйымдар балалар үйінің тәрбиеленушілерінің отбасы тауып орналасуын қолдап, асырап алушыларға кеңес беріп отырады. Осындай ұйымдардың бірі — асырап алушы ата-аналар қауымдастығы. Оны көп баланы асырап алған ана Жанна Ким басқарады. Сондай-ақ «Ана үйі» ҚҚ жанында бала асырап алған ата-аналар мектебі де бар.
Еске сала кетейік, Назарбаев Қазақстанда балалар үйі мүлдем болмауы керегін айтып, бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес агенттік құру туралы бастаманы қолдаған болатын.