Қарағанды облысында «Охотзоопром» инспекторының өліміне қатысты күдіктілер қолға түсті. Бұған дейін мемлекетаралық іздеу жарияланған 3 браконьер шекара аспапты. Олар туған жері Қызылорда қаласынан табылып, қолдарына кісен салынды. Ал бүгін марқұм Ерлан Нұрғалиевтің достары Астанада жиналып тергеуге қатысты бірқатар мәліметтерді жариялады деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Олардың айтуынша, екінші джипта болған басқа 4 браконьер істе күдікті емес, куәгер ретінде тартылыпты. Сондықтан достары қылмысқа қатысы барлардың тегіс жауапқа тартылуын талап етті.
Бүкіл халықты дүрліктіріп, артынан мемлекетаралық іздеу жарияланғандар ешқайда қашпаған да екен. Мылтықтың дүмімен адамды жайратып салғандар Қызылордадағы жеке үйлердің бірінде жайбарақат тығылып жатқан.
«Қазіргі уақытта айғақтарды жинақтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Үш күдікті де уақытша оқшаулау орнына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - дейді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
«Мүйіз сатып алып, сатып жүретін. Солардың аты-жөнін неге айтпайды? Біз бәрін біліп отырмыз. Бұл төртеуді куәгер деп шығарып жібере салмақшы. Яғни ұсталғандар ұрып өлтірді, біз кетіп қалдық демекші ғой. Оларды неге босатып жіберген?», - дейді Абзал Масабаев.
«Ол төртеуі күдікті емес, қылмыскерлер. Ішінде бірге болған. Ол төртеуі неге қарап тұрды? Неге арашаламады? Кісі өледі екен, ол төртеуі жай куәміз дейді», - деп күйінді Болат Хамитов.
Сонымен қатар марқұмның достары тағы бір бірқатар мәліметтерді жайып салды. Айтуларынша, ұсталған күдікті үшеу де, куәгер ретінде тартылған төртеу де – Қызылорда облысындағы бір ауылдың жігіттері.
Бұрыннан браконьерлікпен табыс тауып жүргендер екен. Ерлан Нұрғалиев тірі кезінде іздеріне талай мәрте түсіп, ұстай алмай жүріпті.
Оған қоса, ұсталған үш күдіктінің бірі Қайрат Ақшановтың үстінен былтыр ғана қылмыстық іс қозғалған. Алайда, Ақтөбеде киік атып ұсталған аңшы жазадан сытылып кеткен.