Алматы облысында полицейлер жаңа туған сәбидің анасына іздеу салды деп жазады Sputniknews.kz.
Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіге жарияланған.
Оқиға 12 ақпан күні болған. Түрген ауылындағы көшелердің біріндегі шарбаққа белгісіз біреу жаңа туған сәби салынған полиэтиленді пакет іліп кеткен. Үй иесі пакет ішінен жұқа матаға оралған шақалақты тауып алып, жедел жәрдем мен полиция шақыртқан.
Еңбекшіқазақ аудандық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап отыр. Қазіргі таңда сәбидің анасын шұғыл іздестіру шарасы жүргізілуде.
Есік перзентханасының дәрігерлері баланың жағдайы орташа деп отыр.
«Қыз баланың салмағы 2 500 грамм, бойы 49 сантиметр. Аурханаға түскен күні жағдайы нашар болды. Дене қызыуы 34 градус еді. Әбден тонған. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір жағдайы орташа. Қажетті емдерін қабылдап жатыр», – дейді дәрігер Гүлнар Мамырбекова.
Сондай-ақ дәрегерлер баланың құжаты әзірленіп жатқанын, дайын болғаннан кейін оның Шелек аудандық балалар үйіне жіберілетінін мәлімдеді.