Алматыдағы Медеу мұз айдынында 16 жастағы қызды зорлады деп айыпталған ер адам кепілмен босатылған. Бұл туралы адвокат Джохар Өтебеков мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.
Еске сала кетсек, наурыз айында Алматыдағы Медеу мұз айдынының маңындағы дәретханада 16 жастағы қыздың зорланғанын хабарлаған едік. Оқиға полиция бөлімшесінің мұрнының астында орын алған. Артынша ер адамның тұтқындалғаны белгілі болды. Ол бұған дейін қыз зорлағаны үшін екі рет сотты болған екен.
Күдікті тұтқындалғанымен, Алматы қаласының тергеу соты оны кепілмен босатқан. Бұл туралы мәлімдеген адвокат Джохар Өтебеков елімізде қыз зорлаудың ауыр қылмыс саналмайтынын айтты.
«Қазақстанда зорлау – орташа ауыр қылмыс. Ол бойынша күдіктіні сот шешіміне дейін қамауға алмайды. Көп жағдайда мұндай іс бойынша бас бостандығынан айыру үкім шығарыла бермейді. Біздің елде зорлау ауыр қылмыс емес», - деп жазды адвокат Facebook желісінде.
Өз сөзінде Өтебеков бұл әлемдік қауымдастық алдындағы міндеттерді бұзу болып саналатынын атап өтті. Себебі БҰҰ-ның Әйелдерді кемсітуді жою туралы конвенциясына қол қойдық. Ал зорлау гендерлік кемсітудің ең ауыр әдісі, дейді ол.
«Халықаралық стандарттар зорлық үшін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Біздің Қылмыстық кодекс зорлық жасаушыларға жұмсақ», - дейді Өтебеков.
Сонымен қатар ол Бас прокуратура мен депутаттардан Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуді сұрады.