$ 498.34  519.72  4.85

1 адамның өліміне себеп болған Шымкенттегі жарылыстың неден болғаны анықталды

Комиссия мүшесінің сөзінше, бір айға жуық жүргізілген тексеру кезінде стансада сиымдылығы 60 текше метрлік автоцистернадан газ құю кезінде шланг толық бұралмай, ажырап кеткен. Осы екі арада жарық сөніп, қайта жанған.
Фото: ҚазАқпарат
Фото: ҚазАқпарат

Шымкенттегі газ жинақтау  стансасындағы жарылысқа технологиялық процестің бұзылуы себеп болған. Бұл туралы оқыс жағдайға байланысты тексеру шараларын жүргізген комиссия мүшесі Сәрсенбай Теңлесбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комиссия мүшесінің сөзінше, бір айға жуық жүргізілген тексеру кезінде стансада сиымдылығы 60 текше метрлік автоцистернадан газ құю кезінде шланг толық бұралмай, ажырап кеткен. Осы екі арада жарық сөніп, қайта жанған. Жас оператор жігіт шлангыны қайта жалғамақ болғанда екпіні қатты газ оны ұшырып жіберіп, шланг темірге соғылған. Сол уақытта пайда болған ұшқыннан жарылыс орын алған. Оқиға кезінде куәгерлер болмағанымен, автоцистернаның  жүргізушісі комиссия мүшелеріне көрген-білгенін айтып берген. Ол дер кезінде қашып үлгергенімен, 20 жастағы оператор қатты күйіп қалған. 

Комиссия мүшелері бұл ретте кінәні операторға артып отырған жоқпыз дегенді айтады. Себебі, техникалық себептер мен стансада болған ахаулар апатқа әкеп соқтырған. «Комиссия қазір жұмысын аяқтады. Кеше апатты тергеп тексеру актісін толтырдық. Тағы да қосымша М-1 деген акті толтырылатын болады. Соның негізінде қайтыс болған жігіттің әкесіне өтемақы төленеді. Оның көлемі қосымша нақтыланады. Содан кейін барлық құжаттар Полиция департаментіне тергеушіге өткізіледі. Кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шараларды полиция қызметкерлері қабылдайтын болады», - дейді Сәрсенбай Теңлесбай. 

Еске салайық, оқыс оқиға 7 маусым күні Шымкенттің іргесіндегі елді мекендердің бірінде болған еді. Газ жинақтау стансасында қатты жарылыс болып, сол жерде жұмыс істейтін 20 жастағы қызметкердің денесінің 98 пайызын күйік шалған. Артынша ол үш күннен кейін аурухана төсегінде жан тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары