Facebook негізін қалаушы әрі бас директоры Цукербергтің жомарттығын қазір әлем халқымен бірге, қазақтар да ауыздарынан суы құрып айтып жүр. Қызды болған миллиардердің қуанышы қойнына сыймай, компаниядағы акцияларының 99 пайызын, яғни 45 млрд долларды Цукерберг қайырымдылық мақсатқа жұмсамақ.
Еріксіз бір ой келеді. Өзіміздің қазақтарда да қалталы азаматтар баршылық. Күні кеше Елбасының Жолдауында да «жақсы-жақсы журналдарға шығып жүрген» миллионер, миллиардерлер туралы айтылды. Осы қалталылардың да ұл-қыздары дүниеге келіп жатыр. Олар да Маркс құсап «Ұлды болдым» деп байлығының бір бөлігін, «Қызды болдым!» деп тағы бір бөлігін қайырымдылыққа аудара ма екен?! Әлде, ұлының, қызының, олардан тарайтын немере-шөбере, шөпшектерінің қамы үшін байлығын одан сайын еселеп жинауға тырыса ма екен?!
Біреудің қалтасындағы қаражатты санау жақсы іс емес, әрине. Дегенмен, өздері ештеңе жасырмай, жаһанға ашық айтып отырған ақпараттарға көз жүгіртіп көрейік. Әлемнің және қазақтың қалталылары қайырымдылықпен қалай айналысады? Олар қазаққа қайырым жасай ма, әлде біздің елде тапқан ақшаларын шетелде жұмсайтын әдеттеріне баса ма?
Әлемнің атымтайлары
Ресейлік Әлишер Усманов әлемдегі ең ірі филантроптардың ондығына кіреді. Жұртшылық Усмановтың ағылшындық «Арсенал» футбол клубы акцияларын сатып алып жатқанын естісе де, басқа жұмыстарын біле бермейді.
Мәселен, ол Мстислав Ростропович пен Галина Вишневскаяның өнер коллекциясын аукционда 110 миллион долларға сатып алып, мемлекетке сыйға тартты. Усмановтың «Өнер мен спорт» атты қайырымдылық қоры қазір мемлекеттік деңгейде маңызға ие.
42 медициналық патенттің авторы, 4,5 миллиард доллар қаржының қожайыны Джеймс Соренсен өмірден озар алдында жиған-тергенін түгелге жуық қайырымдылық қорына аударды. Сегіз баласына бұйырғаны бірнеше миллион ғана. Бүкіл өмірін медицина саласын өркендетуге жұмсаған миллиардер адамзат тарихындағы ең ықпалды филантроптардың бірі ретінде тарихта қалды.
«Омахалық көріпкел» Уоррен Баффет, «Майкрософт» қожайыны Билл мен Миранда Гейтс, Стив Кейси, Дэвид Рубейнштейн сынды миллиардерлердің әлем халқы алдындағы абыройын асырған – олардың иен байлығы ғана емес, қайырымды қарекеттері.
2013 жылы Нью-Йоркте өткен Қайырымдылық саммитіне америкалық 161 миллиардер жиылып, жаһанның жарлы-жақыбайларын жарылқаудың жолдарын іздестірген-ді. Жоғарыда тілге тиек еткен төрт миллиардер жиған-терген байлықтарының тең жарымын қайырымдылық шараларына жұмсайтындықтарын мәлімдеді. Филантроптар деп осыларды айтсақ жарасады.
Уоррен Баффет:
–…Қырық жылдан бері қыруар акцияға иелік етемін. Акцияларымның бетіне қарап, қол қусырып қарап отыру мен үшін қызық емес. Ол – құр қағаз, ешқандай құндылығы жоқ. Акциялар жоқшылық көріп жүрген адамдардың қажетіне жарағанда ғана құнды,– деп аталы сөз айтты.
Қайырымдылық шарасына жұмсаған қаражаты бойынша Билл Гейтстің алдына түсетін адам жоқ. Филантроп күні бүгінге дейін 28 миллиард доллардың басына «су құйыпты». «Байыған сайын қалтырауық» деген ұғымның күлін көкке ұшырған миллиардер былай дейді:
– Ақшаны табу сияқты, жұмсау да өте қиын, көп ойлануды қажет етеді. Мен ақшаны ақылмен тарату керек деген қорытындыға келдім, болашақта осы іспен түбегейлі айналыспақпын. Егер тарататын ақшам болса, әрине.
Қазақстандық шығайбайлар
«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөз бар. Өкінішке қарай, халқына пайдасы тиіп, жомарттығымен жалпақ жұртты жалт қаратқан миллиардер қазақты көре алмадық. Ондайлар бар болса да, қаймана қазағына емес, шетелдіктерге қол ұшын созумен әлек.
Өзбекстанда туып, Қазақстанда байыған, қазір Лондонда тұратын Патох Шодиев жапондарды жарылқады. Банкротқа ұшыраған кимонолар музейіндегі 130 кимононы Шодиев 3 миллион долларға сатып алды. Миллиардердің айтуынша, кимонолар Жапониядағы мұражайда қала береді.
Мәрттігімен қазақтарды тәнті етпесе де, басқаларды таңғалдырып жүрген Шодиев өзі оқыған М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне қаморлық көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн. 3,7 миллиард доллардың иесі үшін жыл сайын он студентке 1 мың доллардан үлестіру, 500 мың долларға жаңа баспахана мәшинесін сатып әперу сөз болып па?!
«ENRC» компаниясының иелері Александр Машкевич пен Әлижан Ибрагимовтің «мәрттіктері» туралы да жиі айтылады. Машкевичтің әлемнің бірқатар елерінде синагога, шіркеу салуға миллиондаған доллар жұмсағаны мәлім. Сол үшін Ресей патриархы Кириллдің қолынан орден де алған.
Жоғарыда тілге тиек еткен ресейлік миллиардер Әлишер Усманов байлығы жағынан Ұлыбританияда екінші орында. Бірінші орын 20 миллиардтың иесі Лакшми Митталға тиесілі. Бірақ меценат Миттал туралы ешкім естімеген. Есесіне, «Арселор Миттал» компаниясында жұмыс істейтін кеншілердің қиын жағдайы туралы дүркін-дүркін айтылып жатады. «Қазақмыстың» қожайыны Владимир Ким де осы қатарда.
Алаш арыстарының «спонсорлары»
Қазекең «филантропизм», «мизантропизм» деген сынды түрлі «…измдерді» білмесе де, әуел бастан-ақ жарлы-жақыбайларға жәрдемдескен. Сәбеңнің Итбайы, Спандиярдың Тұрлығұлы, Есенберлиннің Қоңырқұлжасы, Сәкен Жүнісовтің Нұртазасы имидждерін бүлдіргені болмаса, біздің байлардың арасында филантроптар да, меценаттар мен «спонсорлар» да аз болмаған.
Орыс генералы Броневскийдің: «Қазақтың байы орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес. Қазақтың байы – ақыл-ойы жетілген, рухани тұрғыда кемелденген адам», деп қорытынды жасауы тегін емес.
Жаяу Мұса туралы әдеби шығармаларда Мұса Шорманұлы деген байдың аты қатар аталады. Зорлықшыл, шынжыр балақ, шұбар төстің нақ өзі сияқты әсер қалдырады. Сол Мұса талай талапты жасқа білім алуға көмектескен, жарлы-жақыбайлардың алдына мал салған.
Орыс, француз тілдерін білген. Қазақтар «Мұса мырза», Керекудің орыстары «Большой господин» атағаны бекер емес. Ол Баянауылда, Керекуде, Ақмола, Санкт-Петербургте мешіт, медресе салдырған. Мұса Шорманұлы қайтыс болғанда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы оның қазасына «Жоқтау» шығарыпты.
Бүгінде Алаш арыстарына қамқорлық көрсеткен Медеу бай Оразбаев, Қаражан Үркімбаевтар тасада қалып жатыр. Әйтпесе, 1906 жылы Міржақып түрмеде жатқанда Қаражан бай кепілдікке 2500 рубль төлеп бостандыққа шығарып алыпты. Мұхтар Әуезов «Абай» журналын шығаруға қаржы таппай қиналғанда да бар жағдайын жасап берген.
«Семейде қант қызылшасын өңдейтін зауыт, телефон стансасын салдырғаны, Зайсанға дейін баған тартқызып, сым жүргіздіргені тағы бар. Әлихан Бөкейхан Семейде сегіз ай абақтыда жатқанда Медеу бай абақтыға күн сайын бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апарып тұрған екен.
«Қазақ» газетін шығарушы Алаш арыстары қаражаттан қысылған соң, газеттің 1915 жылғы санында «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жариялайды. Көмек берген байлардың қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытыпты.
Қазіргі Медеу мұз айдынының орнында ХІХ ғасырда атақты Медеу бай Пұсырманұлының он алты қанат ақ үйі анадайдан менмұндалап тұрған. Заманында Алматының жасыл желекке бөленуіне ықпал еткен тұлға – осы Медеу бай. Жағдайын айтып алдына келген адамдарды ауылдың іргесіндегі мыңғырған малдың ортасына апарып «көзіңе түскенін ал да, өз ісіңді баста» дейтін көрінеді Медеу бай. Масылдыққа жаны қас бай әлгі адам екінші мәрте келсе, бетін қайтарып тастайтын да болған.
«Афрокана», «Алтын қыран»…
Ауызды қу шөппен сүрте бермей, атақты «Афрокана» жобасын қолға алған қандасымыз Эльбрус Имамбаев туралы айта отырайық. Қарақалпақстанда туған, Ақтауда ер жеткен Эльбрус Имамбаевтың жоғары білімі де жоқ. Қаражаты жағынан миллиардерлердің қолына су құя алмаса да, ол Оңтүстік-Шығыз Азиядағы танымал бизнесмендердің бірі саналады.
2013 жылы Гонконгта халықаралық қор құрып, дүние жүзінің 200-ден астам инвестор компаниясын «Афрокана» жобасына тартқаннан кейін Эльбрустың есімі елді елең еткізді. Аталмыш жоба қара құрлықтағы кенге бай, бірақ инфрақұрылымы кенже қалған алты еліне инвестиция құюды көздейтін. Алайда, экономикалық дағдарыс қолбайлау болды ма, әлде басқа бір себебі бар ма, әйтеуір Эльбрус Имамбаев туралы содан кейін ештеңе естілмей қалды.
Қандасымыздың ертеректе айтқан бір сөзі назарымызды ерекше аударды: «Қазақстанда Жапониядағыдай IТ мектеп-интернаттарын ашуды армандаймын. Қарапайым ауылдың балаларын оқытуға жапониялық мамандарды тартар едім. Он мың баланы осылай оқытып шығарсақ, Қазақстанда зор интеллектуалды армия қалыптасар еді. Бұл жобаға шамамен 100 миллион доллар қажет. Өкінішке қарай, менде қазір ондай ақша жоқ. Ал осы мектеп-интернатты бітірген бала бір жаңалық ашып, миллиард доллар табуы әбден мүмкін ғой...»
«Алтын қыран» қорының басшысы Исламбек Салжановты қазақ өнері мен әдебиетіне жасаған қамқорлығы үшін меценат деп атасақ жарасады. Жас ақындардың кітабын шығаруға жүйелі түрде қаражат бөліп жүргені тағы бар.
Салжанов пен Имамбаев байлығы жағынан Машкевич сынды миллиардерге маңайлай алмаса да, ұлтына жасап жүрген қамқорлықтары мен ниеттері олардан көш ілгері екендігі аңғарылады.
Қазақстаннан шыққан жеті миллиардердің жиған-тергенін қосқанда 17 миллиард долларға жуықтайды. Бірақ миллиардерлері көп ел деген сөз – меценаты көп ел дегенді білдірмейді. Сайып келгенде, меценаттық – мәдениеттің озық үлгісі һәм үрдісі.
Бұл – мол байлықтың буына мас болғандардың емес, мәдениетті тұлғаларға тән қасиет. Ал адал еңбек етпеген, маңдай терімен байымағандар сауапты істен де бейхабар болады. Жұртты жеп байыған жемқорлардан қайырым күтудің өзі қисынсыз.
Нұртөре САМАРҚАН